Кейінгі он жылда балабақшаға баратын бүлдіршіндер көбейіп келеді - тәрбиеші

None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат – Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында айтылған көптеген мәселелер халықтың көкейіндегі сауалдарға жауап берді. Олардың қатарында бұрыннан айтылып келе жатқан әлеуметтік мәселелер де бар. Бұл жөнінде Қызылорда облысы Арал ауданындағы «Асылым» балабақшасының тәрбиешісі Айман Ниязова өз ой-пікірін білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, Жолдауда елдің алдағы жылдарға арналған әдеуметтік-экономикалық жағдайында жүзеге асуы жоспарланған оң өзгерістер көптеп қамтылған.

«Айта кетерлігі, кейінгі жылдарда елімізде демографиялық жағдай жоғары деңгейге көтерілді. Қашанда баланы болашағымыз санайтын халықпыз ғой. Бұл бізді өте қуантады. Қайсыбір жылдары елімізде бала туу көрсеткіші біршама төмендеп кеткені белгілі. Қазір сол олқылықтың орны толып, әрбір шаңырақ бала күлкісіне бөленіп жатыр. Менің балабақшада тәрбиеші қызметімен айналысып жүргеніме он жылдан асты. Байқағаным, жыл сайын бізге келетін бүлдіршіндер саны артып келеді. Қайбір жылдарда балабақшаға келетін сәбилер саны сиреп кеткені де жасырын емес. Бүгінде жергілікті басшылық үшін балабақша мәселесін шешу өзекті проблемаға айналды. Десе де, бұл бағытта біздің облысымызда оң өзгерістер бар. Ондай көріністі Арал ауданынан да байқауға болады», - деді Айман Ниязова.


Атап айтқанда, ауданда 3-6 жастағы 6 181 бала толықтай балабақшамен қамтылған. Бұл бағытта 59 мектепке дейінгі білім беру ұйымы жұмыс істейді.

«Бала тәрбиелеу ісінің қаншалықты жауапты әрі қиын екенін жақсы түсінеміз. Мемлекет басшысының біздің жұмысымызды назарға алып, айрықша басымдық бергені көңілге қуаныш ұялатты. Жолдауда көзделген мәселенің бәрі халықтың көкейіндегі сауалдарға дөп басып жауап бергендей болды. Жалақыны көтеру мәселесі біздің мамандыққа жастардың көптеп келуіне оң септігін тигізеді деген ойдамын. Сондай-ақ, сәби күтіміне берілетін жәрдемақыны бір жарым жасқа дейін төлеу мен «Балалар жылы» аясында Ұлттық қордың жылдық инвестициялық кірісінің 50 пайызы 18-ге толғанша әлеуметтік жинақ шотына аударылуы жөнінде берген тапсырмасы елдің көкейіндігісін дөп басты», - дейді ол.


Соңғы жаңалықтар