Кейінгі геосаяси жағдайлар Ауғанстан мәселесін екінші орынға ысырды - Шавкат Мирзиёев

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев БҰҰ Бас Ассамблеясына Ауғанстан мәселесі бойынша Азия елдерінің бірлескен үндеуін жолдауды ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жаңа геосаяси ахуал бүкіл Азия өңірінің тұрақтылығына қатер төндіріп тұр. Дағдарыс құбылыстары Орталық Азия елдеріне тікелей әсер етіп, экономикалық интеграциямызды тереңдетуге жұмсаған күшімізді тежеп жатыр. Қауіпсіздік, даму және гүлдену жолындағы мүдделеріміз ортақ екенін ескерсек, бізге мынандай басым бағыттарға баса мән беру керек.

Біріншіден, Ауғанстандағы ахуал ерекше назарды қажет етеді. Өкінішке қарай, әлемдегі өзге де өзекті проблемалардың бедерінде Ауғанстандағы ахуалды реттеу мәселесі екінші кезекке ығысып қалды. Өткен өкініштердің қайталануына жол беруге болмайды. Ол кезде бұл мемлекет халықаралық террористік хабқа айналған болатын», - деді Өзбекстан басшысы АӨСШК VI саммитінде.

Оның пайымынша, Азия елдері Ауғанстанның уақытша Үкіметімен өзара әрекеттердің ортақ тәсілдерін үйлестіруі керек.

«Ауған проблемасында кең ауқымды ымыраға келіп, жаһандық деңгейде іс жүзіндегі шаралар қабылдау үшін БҰҰ Бас Ассамблеясына Ауғанстан билігімен тараптардың өз міндеттемелерін кезең-кезеңмен орындауын белгілейтін алгоримтер жөніндегі жоғары деңгейдегі халықаралық келіссөз тобын құру туралы Азия елдерінің бірлескен үндеуін жолдау мүмкіндігін қарастыруды ұсынамын», - деді Шавкат Мирзиёев.




Фото: t.me/bort_01



Соңғы жаңалықтар