Кейінгі 5 жылда шағын және орта кәсіпкерлік кредиттері өсті – министрлік

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Тимур Жақсылықов шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау қадамдары туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі кезде бизнес субъектілері кредиттері жоғары мөлшерлемелер және банктердің кепілдік бойынша қойып отырған талаптары сияқты мәселелерге тап болып отыр. Осыған байланысты Министрлік сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау және банк кредиттері бойынша ішінара кепілдік беру түрінде шағын және орта кәсіпкерліктің басым салаларына қаржылық қолдау құралдарын іске асырып келеді. 1 наурыздағы жағдай бойынша екінші деңгейлі банктердің несиесіне қатысты нарықтағы орташа мөлшерлеме 19,5 пайызды құрады», - деді Т. Жақсылықов Сенатта экономиканың нақты секторына кредит беруді кеңейту тақырыбына арналған дөңгелек үстел отырысында.

Оның айтуынша, несие бойынша субсидиялау аясында мемлекет бизнестің басымдықты бағыттары үшін сыйақы мөлшерлемесін 8 пайызға дейін төмендетеді.

«Кейінгі 5 жылда шағын және орта кәсіпкерлік кредиттері 4 трлн теңгеден 6,3 трлн теңгеге дейін өсті. Бүгінгі таңда мемлекеттік қолдау шараларымен 2,3 трлн теңге сомаға шағын және орта кәсіпкерлік несиесі қамтылды. Бұл шағын орта кәсіпкерлік несиелері бойынша банктердің жалпы портфелінде 40% құрады. 2019 жылдан бері жобалар саны 9 есеге, ал төленген субсидиялар сомасы 5 есеге өсті», - деді вице-министр.


Соңғы жаңалықтар