Кейінгі 5 жылда Орталық Азияның ішкі сауда көлемі 50% артқан

None
АСТАНА. ҚазАқпарат –Кейінгі 5 жылда Орталық Азияның ішкі сауда көлемі 50% артқан. Бұл туралы Сыртқы істер министрінің орынбасары Ермұхамбет Қоныспаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Орталық Азияда сауда көлемінің артуын да жоғары деңгейдегі кездесулердің нақты нәтижесі ретінде атауға болады. Мысалы 2018 жылдан бері Орталық Азия елдерінің арасындағы сауда көлемі 50 пайыз өскен. Сауда-экономикалық әріптестікті одан әрі дамыту үшін бірқатар маңызды логистикалық жобалар қолға алынып жатыр. Іскерлік байланыстардың артқаны экономиканың көптеген саласында бірлескен кәсіпорындардың саны көбейгенінен байқалып отыр», - деді вице-министр «Орталық Азия-2030:Болашақтың келбеті» атты сарапшылар кездесуінде.

Сондай-ақ ол бүгінгі жағдайда Орталық Азия елдеріне ынтымақ ауадай қажет екенін еске салды.

«Бүгін бәріміз ауқымды геосаяси, геоэкономикалық трансформацияларға куә болып отырмыз. Бұл өзгерістердің астарында түрлі қауіп-қатерлермен бірге жаңа мүмкіндіктер де жатуы мүмкін.

«Қазір Орталық Азия елдері арасында екіжақты да, көпжақты да үдемелі саяси диалог қалыптасып үлгерді. Жоғары деңгейдегі ұдайы байланыстар стратегиялық маңызы бар мәселелерді шешуге мүмкіндік береді. Осының арқасында өзара байланыстарды жоғары сапалы деңгейге көтеру мүмкін болып отыр. Біз Астана мен Ташкентте, Ашхабад пен Шолпанатада өткен саммиттердің нәтижесін жоғары бағалаймыз. Орталық Азия мемлекет басшыларының Душанбеде қыркүйек айында өтетін бесінші консультативтік кездесуге үлкен үміт артып отырмыз», - деді Ермұхамбет Қоныспаев.


Соңғы жаңалықтар