Кейінгі 4 жылда Қазақстан шетелге 1,9 млрд доллардың көлігін экспорттады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – 2017-2021 жылдары Қазақстанда жасалған көліктердің экспорт 3 есе артып, 1,9 млрд долларға жетті. Бұл туралы Ашық НҚА порталында жарияланған машина жасау саласын дамытудың 4 жылдық кешенді жоспарында жазылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2017-2021 жылдары машина жасау саласында өндіріс номиналды мәнде 2,2 есеге өсіп, 2,4 трлн теңгеге дейін ұлғайды. Оның ішінде автомобиль жасау секторына 715 млрд теңге, машина жасаудың қалған секторларына 1 671 млрд теңге тиесілі. Экспорт 3 есе артып, 1,9 млрд доллар болды. Ел экономикасындағы машина жасау саласының үлесі 1%-дан 1,5%-ға дейін, өңдеуші өнеркәсіпке 8%-дан 11%-ға дейін ұлғайды», - делінген кешенді жоспардағы қазіргі жағдайға жасалған талдау деректерінде.

Елімізде 3 мыңнан астам машина жасау кәсіпорны жұмыс істейді. Оларда 115 мыңға жуық адам еңбек етіп келеді.

«2021 жылдың қорытындысы бойынша машина жасау саласының еңбек өнімділігі бір қызметкерге шаққанда 25,7 мың долларды құрады. Саланың негізгі капиталына 150 млн доллардан астам инвестиция салынды. 245 млн доллардан аса тікелей шетелдік инвестиция тартылды», - деп көрсетілген жоспар жобасында.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қазақстандағы машина жасау саласын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспары бекітілмек.


Соңғы жаңалықтар