Кейінгі 4 жылда балабақша кезегінде тұрғандар саны екі есе азайды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Елімізде мектепке дейінгі ұйымдарда 1,1 млн бала қамтылған. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің Мектепке дейінгі білім департаментінің директоры Наталья Жұмаділдаева айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі кезде елімізде 1 млн 115 мың баланы қамтып отырған 11 мың 104 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істеп тұр. Атап айтқанда, мектептердегі арнайы топтарда, балабақшаларда, шағын орталықтарда мектепке дейінгі даярлық аясында 337 мың бала білім алып жатыр, яғни жеткіншектерді қамту деңгейі 96 пайызды құрады», - деді Н. Жұмаділдаева Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, кейінгі 4 жылда балабақша кезегінде тұрғандар саны екі есеге азайды. Бүгінгі таңда 2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды қамту 90 пайызға жуық, 3 жастан 6 жасқа дейін 98,3 пайыз болды.

«2022 жылдың аяғында тіркелген мәліметке қарағанда, еліміз бойынша 6 жасқа дейінгі 250 мыңнан аса бала кезекте тұр. Мектепке дейінгі ұйымдарда орын тапшылығы мәселесін шешу бағытында үш жылда 223 мыңға жуық жаңа орынды қамтамасыз ету жоспарланған», - деді департамент басшысы.

Осы орайда ол 2028 жылға қарай 2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды балабақшамен қамту деңгейі 100 пайызға жететінін айтты.

Бұдан бұрын хабарланғандай, мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында 97 408 педагог жұмыс істеп жүр. Оның ішінде ауылдарда 41 596 (42,7%), ал қалада 55 811 (57,3%) адам қамтылған.

Еліміздегі мектепке дейінгі ұйымдардың 70 пайызға жуығы қазақ тілінде білім беріп жатыр.


Соңғы жаңалықтар