Кейінгі 2 аптада коронавирустың таралу қарқыны 3,2 есе өскен

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың айтуынша, кейінгі 2 аптада коронавирустың таралу қарқыны 3,2 есе өскен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстанда коронавирус инфекциясымен сырқаттанудың өсуі байқалады. Соңғы екі аптада алдыңғы екі аптамен салыстырғанда ауырған адамдардың саны (10 714 жағдайдан 34 550 жағдайға дейін) 3,2 есеге өсті. Өсу барлық өңірлерде байқалады.

Бағалау матрицасы бойынша, Нұр-Сұлтан қаласы сары аймақта, қалған өңірлер жасыл аймақта тұр», - деді министр Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде.

Оның мәліметі бойынша, қазір вирустың бұл түрі жеңіл өтіп жатқанымен бірнеше санаттағы адамдар үшін әлі де қауіпті болып отыр.

«Тәулігіне коронавирус инфекциясының оң нәтижесімен 3000 жағдайға дейін тіркеліп отыр. Коронавирус инфекциясының қазіргі түрінде ауру жеңіл өтеді. Бірақ аурудың қатаң түрімен ауыратындарға, жүкті әйелдер, 60 жастан асқан адамдар, созылмалы қоса жүретін аурулары бар науқастар, КВИ-ға қарсы егілмегендер жатады», - деді Ажар Ғиният.

Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше өткен аптада 6,5 млн астам адам коронавирус жұқтырып, дерттен 14 мың адам көз жұмған.


Соңғы жаңалықтар