Кейінгі 10 жылда мүгедек балалардың саны екі есеге өсті - депутат

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Мәжіліс депутаты Гүлдара Нұрымова еліміздегі мүмкіндігі шектеулі балалардың проблемасын көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Кейінгі10 жылда мүмкіндігі шектеулі балалардың саны екі есеге өсті. Тек 2021 жылдың өзінде 13 мыңнан астам балаға мүгедектік диагнозы қойылған. Мүгедектік деңгейін төмендету мәселесін басым бағыттардың бірі ретінде күн тәртібіне қоятын кез келді. Баланың кішкентай кезінен мүгедектіктің алдын алу әрекеттері жасалмаса, онда бұл бала ер жеткен кезде түрлі қиындықтарға тап болады. Сондықтан бұл проблемаларды болдырмауға бағытталған мүмкіндіктерге ерекше назар аудару керек», - деді Н. Нұрымова Мәжілістің жалпы отырысында Денсаулық сақтау министрлігіне жолдаған сауалында.

Оның пікірінше, түрлі індетті, соның ішінде тұқым қуалайтын ауруларды ерте диагностикалау және уақтылы ем-дом жасау үшін жаңа туған нәрестелерді скринингтік тексеруден өткізу керек.

Депутаттың сөзіне қарағанда, тиісті медициналық ұйымдарды офтальмологиялық, аудиологиялық, психофизикалық скринингтер жасау үшін қажетті құрал-жабдықтармен және персоналмен қамтамасыз ету керек. Мүмкіндігі шектеулі балаларға кешенді көмек көрсетудің 2021-2023 жылдарға арналған Жол картасының орындалуына бақылауды күшейту қажет.


Соңғы жаңалықтар