Кейде балаларда ересектерде болмайтын патологиялар кездеседі – нейрохирург Мұхтар Ибрагимов

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақстандық нейрохирургия саласының сапалық тұрғыдан жаңа деңгейге көтерілгенін ешкім жоққа шығара алмайды.

Бүгінде біздің дәрігерлер ми ісігі, бас сүйегі мен омыртқа, жұлынға түскен жарақаттарға операция жасау жағынан шетелдік әріптестерінен кем түспейді. Соның бірі – осы салада он төрт жылдан бері қызмет етіп келе жатқан балалар нейрохирургі Мұхтар Ибрагимов.

Ол Алматы қаласындағы «Балалар шұғыл медициналық жәрдем орталығының» нейрохирургия бөлімшесіне жетекшілік етеді. Сонымен қатар, Алматыдағы перзентханалар мен ауруханалар мамандарына шұғыл кеңес береді, операцияларға қатысады.

- Медицинаның оңай емес белгілі. Ал, нейрохирургияның қиындығы өз алдына. Неге осы салаға қызықтыңыз ?

- Сөзіңіздің жаны бар. Әсіресе, ми мен ми қабыршағындағы, орталық жүйке жүйесіндегі ісіктер, жұлын кемігі мен омыртқа ісіктері, ми бағанасындағы жарақаттар, мишықтың ісіктері секілді дерттерді емдеу уақыт пен тәжірибені қажет етеді. Өзім интернатураны балалар хирургиясы бөлімі бойынша тәмамдағанмын. Институтта оқып жүргенде, теорияны тәжірибемен қатар алып жүру мақсатында Алматыдағы №1 клиникалық балалар ауруханасына мейіргер болып жұмысқа тұрдым. Кейін оқуымды аяқтаған соң, хирургия, травматология бөлімшелерінде дәрігерлік қызмет атқара жүріп, қызығы мен шыжығы мол нейрохирургия бөліміне ауысуға бел будым. Себебі мен жұмыс істеген ауруханада ми жарақатын алған, аяқ-қолы сынған балалар көп түсетін. Сондай балақайларға көмектескім келді. Нейрохирургияны қосымша меңгеріп, осы салаға ауысқаныма биыл он төртінші жыл.

- Балалар мен ересектер нейрохирургиясының ерекшелігі қандай? Сәбилерде қандай патология жиі кездеседі ?

- Екеуінің айырмашылығы жер мен көктей. Кейде балаларда ересектерде мүлде кездеспейтін патологиялар да болады. Баланың бойындағы туабітті ақауларға заманауи нейрохирургия араласпаса, бүлдіршіннің организмінде кемістіктер пайда болуы мүмкін. Кейін ол қоғамға дұрыс бейімделе алмай қалады. Мәселен, миға жұлын сұйықтығының шамадан тыс жиналуы – гидроцефалияны алып қарайық. Бұл проблеманы дер кезінде шешсе, бала өз қатарластарынан қалмай дамып, жетіледі. Сол сияқты балалар арасында кездесетін инсультті ерекше айтып кетер едім. Бала мен ересектердегі инсульттің айтарлықтай айырмашылығы бар. Бұл жерде невролог емес, білікті нейрохирургтің көмегі керек. Сонымен қатар, балалар орталық жүйке жүйесіндегі туабітті ақаулар, омыртқа жотасының аномалиясы, жұлын жарақаттары, мидағы қан айналым жүйесі жұмысының бұзылуы сынды диагноздармен көп түседі.

- «Балалар шұғыл медициналық жәрдем орталығы» нейрохирургия бөлімшесінің меңгерушісісіз. Өлім-жітім көрсеткіші қандай ?

Бөлімде бір жылда емделіп кеткен науқастардың 0,2% - 0,3% өлім-жітімге ұрынып жатады деуге болады. Бұл төмен көрсеткіш. Дегенмен біз әрбір науқастың аяқтан тұрып кетуіне, әр адамның өмірін сақтап қалуға күш саламыз. Олардың қатарға қосылып күтуі үшін қолымыздан келгенінің бәрін жасаймыз.

- Медицина қазір қарыштап дамып жатыр. Сіздің салада қандай жаңалықтар бар? Қандай жаңа технологиялар келіп жатыр ?

- Қазіргі уақытта нейpoxирypгиялық диaгнocтикaның негiзгi тәсiлдеpi – кoмпьютеpлiк, магниттi-pезoнaнcты тoмoгpафия және aнгиoгpафияның, микpoхиpypгиялық тәсiлдеpдiң, oпepaциялық микpocкoптapдың арқасында бac cүйeгінің, мидың зaқымдaнy дәpeжеciн aнықтaп, бұpын түсімізге де кірмеген ми iciгі түрлерін сылып aлып тастауға мүмкіндік туып отыр. Сонымен қатар, қондырғылар қатары нейронавигация, эндоскопия, микроскопиялық эндоскопия сынды заманауи технологиялармен толығып жатыр. Нейронавигацияның көмегімен инсультқа әкеп соқтыратын ісіктерді миды зақымдамай, жақын жолмен алып тастауға болады. Және бұл операция жасау уақытын қысқартып, аурудың асқынуына жол бермейді. Жалпы, бас, ми, жұлынға заманауи құрал-жабдықтарсыз операция жасау мүмкін емес. Мәселен, көлемі 7-8 миллиметрге жететін омыртқа аралық жарықты лазер арқылы күйдіреміз.

- Сирек аурулар кездеседі, оларды емдеу қиындық туғызбай ма ?

-Жалпы, бізге түрлі дертке шалдыққан пациенттер келіп жатады. Біз шұғыл көмекті қажет ететін және жоспарлы ем қабылдайтын науқастармен жұмыс істейміз, әртүрлі жарақат алған балаларды қабылдаймыз. Білікті мамандар мен жаңа технологиялардың арқасында барлық дерлік ауруға шипа боларлық шара қолданамыз.

- Алғаш рет операцияны қашан жасадыңыз ?

-2006 жылы қабылдау бөлімінде жұмыс істедім. Бірінші операцияны екінші қабаттан құлап, бас сүйегі сынған, миына қан құйылған бес жасар балаға жасадым. Әрине, толқыдым, бойымды үрей биледі. Дегенмен ота сәтті өтіп, науқас көп ұзамай үйіне қайтты.

- Бүгінге дейін 900-ден аса операция жасапсыз, оның ішінде жиі жасайтын отаңыз қайсы ?

-Нейрохирургия өте ауқымды сала. Мұнда бір ғана бас миының өзінде бірнеше түрлі патологиялар кездесіп жатады. Әртүрлі жарақат алған науқастар келеді. Сол себепті бір операция көп қайталана бермейді. Алайда, жасаған операцияның саны емес, олардың сапасына мән беру керек.

- Жұмыс барысында әрдайым дұрыс шешім қабылдауыңыз керек, қателесуге болмайды. Өйткені оның артында адам өмірі тұр. Стресспен қалай күресесіз ?

-Нейрохирургия саласына бет бұрғаныма ешқашан өкінген емеспін. Жұмыс ауыр, өзіңіз айтып отырғандай, стрестік жағдайлар жиі болып тұрады. Бірнеше сағаттап ота жасайтын кездеріміз де көп. Дегенмен сабыр сақтауға тырысамыз. Біз үшін эмоциямен күрес емес, ота жасалған, ем қабылдаған бүлдіршіндердің айығып кетуі маңызды.

- Соңғы сұрақ, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру халықтың өз денсаулығына деген жауапкершілігін арттыруға қаншалықты көмектесе алады деп ойлайсыз ?

-Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізудегі басты мақсат осы жауапкершілікті арттыру. Себебі денсаулық үшін мемлекет немесе медицина саласы емес, алдымен әр адам өзі жауап беруі тиіс. Сонда ғана ұлт денсаулығы жақсарады. Қазір бізде қалай? Қазақстанда кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлемі деген бар. Оған жыл сайын мемлекет қыруар қаржы бөліп отырады. Соның арқасында біз жедел жәрдем, шұғыл медициналық көмек, емханаларда тегін қаралу, вакцина салдыру сынды тағы басқа толып жатқан көмек түрлерін тегін аламыз. Сонымен қатар, созылмалы науқастарға шалдыққандарды тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, жоғары технологиялы операциялар жасау мүмкіндіктері қарастырылған. Бірақ халық санының өсуі, қарттардың көбеюі сынды табиғи процестер денсаулық саласына бөлінетін қаржыны да көбейтуді талап етеді. Өкінішке орай, бұған мемлекеттің мүмкіндігі келе бермейді. Оны көбейту үшін ақшаны білім саласынан, әлеуметтік саладан жырып алуымыз керек. Сондықтан міндетті сақтандыруды медицинаны қаржыландырудың бір тетігі деп қарастыруға болады.

- Сұхбатыңызға рахмет!

Соңғы жаңалықтар