Кейбіреулер масканы тозғанша тағады – Ақтөбенің бас дәрігері

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Адамдар санитарлық талапты дұрыс сақтамайды. Мұрнын ашып, масканы иегіне тағып жүреді. Кейбірі тозып кеткен. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рүстем Исаев брифингіде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбеде эпидемиологиялық жағдай күрделі. Кеше өңірде 127 адамнан коронавирус инфекциясы анықталып, ауруханаға түсті.

«Өңірде дәрі-дәрмек тапшылығы мәселесі жоқ. Ақтөбе облысында екі айлық қор сақталған. ПТР сынама оң болса, дәрігерлер үйіне барады. Еш симптом болмаса, тізім бойынша дәрі-дәрмек ішеді. Шынын айту керек, жастар жеңіл өткереді. Ересек адамдар стационарларға жіберіледі. Жедел жәрдемнің жұмысы күшейді. Соңғы кезде 900-ден астам шақыру түсті. Жедел жәрдем бригадасының жұмысын жеңілдету үшін емханалардағы мобильді топтың жұмысын күшейтіп жатырмыз», - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рүстем Исаев.

Ақтөбеде коронавирус инфекциясына бүтін бір отбасы мүшесі де шалдығып жатыр. Сонымен бірге «британдық» штамм да қауіпті күшейтті.

«Британдық» штамм жарты жыл бұрын Еуропада тіркелді. Елге әкелген туристер болды. Ерекшелігі - бұл штамм тез тарайды әрі қауіпті. Адам көп шоғырланатын жердің өте қауіпті екенін түсінсе дейміз. Адамдар санитарлық талапты дұрыс сақтамайды. Мұрнын ашып, масканы иегіне тағып жүреді. Кейбірінде түктеніп кеткен. Ұзақ уақыт, 3-4 күн бойы тағып жүргені көрініп тұрады. Санитар-эпидемиологтарды, дәрігерлерге кінә артуға болмайды. Жаныңда маска тақпаған адамды көрдің бе, ескерту жаса. Осы жолмен бірге күресуіміз керек», - деді Рүстем Исаев.

Айта кетейік, Ақтөбеде ПТР нәтижесі оң болып, британдық штамға ұқсасы да анықталған. Сол кезде 6 сынама Нұр-Сұлтан қаласына жіберілді. Нәтижесінде төртеуінің сынамасы расталды.


Соңғы жаңалықтар