Кейбір сақтандыру компаниялары ағымдағы жылғы егінді сақтандырудан бас тартуда

None
None
АСТАНА. Шілденің 1-і. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Кейбір сақтандыру компаниялары ағымдағы жылғы егінді сақтандырудан бас тартуда. Бұл жайында бүгін Ауыл шаруашылығы министрлігінде өткен баспасөз мәслихаты барысында белгілі болды.

Бүгінгі күні егістік алқаптарында жұмыстардың толығымен аяқталғанын атап өткен ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі АӨК дамытуды талдау және стратегиялық жоспарлау департаментінің бас сарапшысы Талғат Жұбаев: «ендігі ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерге керегі -өзінің егіс алқаптарын толығымен сақтандыру. Бұл бойынша қазір жұмыстар жүргізіліп жатыр. Дегенмен, кейбір жағдайларда сақтандыру тараптарынан қарсылық білдіру, сақтандыру келісімшарттарын жасамау жағдайлары кездесіп отыр», дейді.

Жергілікті әкімдіктердің мәліметтеріне сүйеніп айтқан оның сөзіне қарағанда, ауа райының құрғақ болуына байланысты сақтандыру компанияларының өсімдік шаруашылығындағы міндетті сақтандыру келісімшарттарын жасаудан бас тарту фактілері белгілі болған.

Бұл орайда министрлік өкілі «Өсімдік шаруашылығындағы міндетті сақтандыру туралы» ҚР Заңына және әкімшілік кодекске сәйкес лицензиясы бар сақтандыру компанияларының сақтандыру келісім шарттарын жасамауға ешқандай құқықтары жоқ екендігін алға тартады. Сондықтан да тек қана біздің тауар өндірушілер оларға рәсімделген, арнайы шартпен бекітілген өздерінің арыздарын міндетті түрде жазбаша беруі керек. Егер ол жазбаша берген арызына қарсылық білдірілсе, онда ол әрекет заңсыз болып есептелінеді де, бұл жөнінде Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігіне өздерінің арыздарын бере алады. Сол арыздары, фактілері бойынша аталған агенттік өздерінің тарапынан заңға сәйкес шара қолданады», дейді Т.Жұбаев.

Оның атап өтуінше, қазіргі уақытта міндетті сақтандыру ауыл шаруашылығында екі бағытта, атап айтқанда сақтандырудың осы түріне лицензиясы бар компаниялар және ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің қатысуымен өзара сақтандыру қоғамдары арқылы жүзеге асырылуда.

Баспасөз мәслихатына қатысқан аталған департаменттің директоры Нүркен Шәрбиевтің сөзіне қарағанда, министрлік облыс әкімдіктеріне әр аймақта екіден артық емес өзара сақтандыру қоғамдарын құруға ұсыныс жасаған. «Осы ұсынысты қабылдаған облыстар ауыл шаруашылығын міндетті сақтандыру бойынша ешқандай қиындық көріп отырған жоқ», дейді ол.

Ал осы ұсынысты қабылдамаған Батыс Қазақстан, Қарағанды, Павлодар облыстарында өзара сақтандыру қоғамдары ойдағыдай дамымай соның салдарынан қиыншылықтарға тап болып отыр.

Соңғы жаңалықтар