Кейбір өңірлерде көмірді жеткізу жоспары орындалмаған - Жеңіс Қасымбек

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Үкімет отырысында ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек ел өңірлерін көмірмен қамтамасыз ету барысы жайында баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Биылғы жылдың 7 айында 60 млн тонна көмір өндірілді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4 пайызға артық. Сіздің 2018 жылғы 7 тамыздағы тапсырмаңызға сәйкес, жылу беру маусымын тұрақты өткізу мақсатында Инвестициялар және даму министрлігі мен Энергетика министрлігінің Штаб құру туралы бірлескен бұйрығы шықты. Штаб 2018-2019 жылдар кезеңіндегі жылу беру мауысымына дайындық барысы мен оның тұрақты өтуін бақылайды. Атап айтқанда, коммуналдық-тұрмыстық сектордың, халық пен электр стансаларының көмірмен қамтамасыз етілуін қадағалайды. 2018-2019 жылдар кезеңінде тұрғындарға, коммуналдық-тұрмыстық кәсіпорындарға және бюджеттік ұйымдарға республика бойынша көмір жеткізудің жалпы сұранысы айқындалған. Оның көлемі 9,8 млн тоннаны құрайды, соның 2,3 млн тоннасы коммуналдық-тұрмыстық кәсіпорындар мен бюджеттік ұйымдарға, ал 7,5 млн тоннасы тұрғындардың тұтынуына жоспарланған», - деп тоқталды Ж. Қасымбек Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевқа қарата айтқан сөзінде.

Белгілі болғандай, Энергетика министрлігі жергілікті атқарушы органдардың тапсырыстарына сәйкес, коммуналдық-тұрмыстық және тұрғындар қажеттілігіне арналған 2018-2019 жылдар аралығындағы кезеңге сұраныс жоспарын жасады.

«17 тамыздағы әкімдіктердің берген ақпараты бойынша кейбір өңірлерде көмірді жеткізу жоспарлары орындалмағанын көріп отырмыз. Мысалы, Жамбыл облысында жылу беру маусымынан тамыз айына дейін жоспар бойынша 71 мың тонна көмір жеткізілуі керек еді, іс жүзінде 24,7 мың тонна ғана жеткізілген. Жоспар 34,8% ғана орындалған. Алматы қаласында жоспар бойынша 23 мың тонна, іс жүзінде 14 мың тонна жеткізілді. Жоспар 61%-ға орындалған», - деп нақтылады министр.

Дегенмен де, жоспарлы көрсеткіштерді асыра орындаған өңірлер де бар. Бұл тұрғыда Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Павлодар облыстарында жақсы көрсеткіштер байқалды.

Биыл жылу беру маусымына дайындық басталғалы (1 мамырдан 16 тамызға дейін) теміржол көлігімен 18 млн 621,2 мың тонна көмір тасымалданды. Бұл 2017 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 753,9 мың тоннаға (4,2%) артық.

Тасымалданған 18,6 млн тонна көмірдің 2,8 млн тоннасы коммуналдық-тұрмыстық қажеттілікке тиесілі. Ол 2017 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 600 мың тоннаға артық.

Бүгінгі күні тасымалдауға «Қазақстан темір жолы» акционерлік қоғамы паркінің шамамен 9 мың вагоны жұмылдырылған. Тасымалдау көлемі ұлғайып, қосымша вагон керек болса, басқа теміржол әкімшіліктерінен 1 000 вагон тартылмақ.

Соңғы жаңалықтар