Кейбір өңірдегі ЖЭО-лардың жағдайы сын көтермейді – Энергетика министрі

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Кейбір өңірдегі жылу электр орталықтарының жай-күйі сын көтермейді. Бұл туралы Үкімет отырысынан кейін Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Кейбір өңірдегі жылу электр орталықтарының жай-күйі сын көтермейді. Ерекше, оның ішінде Үкіметтік деңгейде назар аударуды талап ететін ЖЭО тобы анықталды. Аталған ЖЭО-лардың техникалық жай-күйін, төтенше жағдайларға тәуекелін, стансалардың пайдаланылуын ескере отырып, оларды жөндеу үшін қаржыландыруға Үкімет резервінен қаражат бөлу мәселесі де қарастырылып жатыр», - деді министр БАҚ өкілдерінің сауалына орай.

Сонымен қатар ол қай өңірдегі жыл электр орталығының жағдайы өте мүшкіл екендігін де айтты.

«Олар ең алдымен Риддер, одан кейін Екібастұз, Теміртау жылу электр орталықтары. Қазір Үкіметтің де, жергілік билік органдарының да жұмысы алдағы жылу беру маусымында барлық тәуекелді төмендету үшін қысқа дайындық аясында қажетті жұмыс көлемін орындауға бағытталып отыр», - деді Алмасадам Сәтқалиев.


Соңғы жаңалықтар