Кейбір балалар сөйлей алмайтын замандастарының бар екенін білмейді - әдіскер

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Есту қабілеті төмен, сөйлей алмайтын балалар оқшауланып, құрбы-құрдастарынан жырақта өседі. Салдарынан кейбір балалар сөйлей алмайтын, естімейтін замандастарының бар екенінен бейхабар. Бұл туралы Ақтөбе облыстық есту қабілеті нашар балаларға арналған мектеп-интернат-колледж әдіскері айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облыстық есту қабілеті нашар балаларға арналған мектеп-интернат-колледжінде қазір 100-ден астам бала тәрбиеленіп жатыр. Бәрінің құлағы естімейді, кейбірі дыбыстарды баяу ажыратады.

Бұған дейін Ақтөбе, Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан, Қызылорда облыстарының балаларын қамтыған мектепте тек Ақтөбе облысының тәрбиеленушілері қалған. Өзге аймақтар қажетті мектеп-интернатты жергілікті жерде ашып алды. Күні бүгінге дейін бұл мектеп-интернатқа келген балалардың бәрі оқшау тәрбиеленді. Олар сыртқа шықпады, қоғаммен араласпады. Балалардың жаңа әдіспен тәрбиеленіп жатқанына санаулы жылдар өтті. Соңғы кездері олар сауда орындарына барып, флэшмоб ұйымдастырып жүр. Осы жолмен балалар өздерінің бар екенін, ешкімнен кем түспейтінін дәлелдемек. Ал кейде замандастарымен қатар отырып, әңгімелеседі.

null

«Қалыпты адамдар күнделікті күйбең тіршілікте «қиындық туды» деп қарапайым кедергілерге реніш білдіреді. Есту мүмкіндігі шектеулі балалар ауызша сөйлеу тілін білмеген соң жиі қиналады. Сондықтан біз оларды қалыпты адамдармен кездестіріп, қоғамға бейімделуді қолға алдық. Алғашқы кездесулерде балалар тосырқады. Кейбір балалар кездесу кезінде сөйлей алмайтын замандастарының бар екенін бірінші рет біліп жатады. Олар сөйлей алмаса да аса қабілетті екенін көріп, таңқалады, өздеріне жақын тартады. Бұл да жетістік»,- деді облыстық есту қабілеті бұзылған балалар мектеп-интернат- колледжінің әдіскері Индира Қобылаш.

Мүмкіндігі шектеулі балалар сурет салуға, би өнеріне бейім. Спорттық жарыстарға жиі қатысып, жүлделі оралады. «Жұлдызай» фестивалінде бақ сынайды. Ым-ишара тілімен ән айтады. Олар жарыста жақсы нәтижеге қол жеткізіп жүр.

«Балаларды қоғамға бейімдеу үшін облыстық кітапхана мен мектеп әкімшілігі барасында келісім жасалды. Қазір мәдени-қоғамдық шаралардың бәрі кітапханада өтіп жатыр. Себебі, балаларды жасырып қалуға болмайды. Балалар әлеуметтік қоғамға бейімделіп, елімізде өз орнын табуы тиіс. Жұмыс істеп, Отанына қызмет етуі керек»,- деді әдіскер.

null

Мектеп-интернат оқушылары соңғы жылдары шаштараз, тігінші мамандықтарын игеріп жүр. Кейбірі қалыпты студенттермен бірге орта арнаулы, жоғары оқу орындарында білім алады. Көбі суретші, дизайн, информатика секілді сөзді қажет етпейтін, қол жұмысы маңызды мамамдыққа басымдық береді. Ал колледж бен институт, университетте арнайы мамандар болмаған соң естімейтін студенттер ұстаздың ерін қимылын мұқият бақылап, сөздерді меңгереді. Балаларға ата-ана тарапынан да көмек беріледі. Соңғы жылдары елімізде есту қабілеті төмен балаларға арнайы ота жасалып, дыбыс сезуге мүмкіндік берілгенімен бұл қиындықтар мен кедергілерді түгел шешуге мүмкіндік берген емес. Бәрі оңалту шараларына тікелей байланысты. Ал аса қабілетті балалар мектепті бітіріп, жоғары оқу орнын тәмамдап, кейін өздері білім алған ордаға жұмысқа орналасады. 

Соңғы жаңалықтар