Кейбір аудан орталықтарына жас мамандар не себепті бармайды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Мәжілісте «2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» ҚР Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылау кезінде не себепті кейбір аудан орталықтарына жас мамандар бармайтындығы айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл тұрғыда Мәжіліс депутаты Мұрат Теміржанов аудан орталықтарына жас дәрігерлер неліктен тиісті деңгейде бармай жатқанына пікір білдірді.

«Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мәселесіне тоқталған депутат, «Мәселен, еліміздің солтүстік өңірлерінде қала мәртебесіндегі аудан орталықтары мен ауыл деңгейіндегі аудан орталықтары бар. Атап айтқанда, Ақмола облысында аудан орталығы ретінде Степняк қаласы (Біржан сал ауданы) орналасқан, бұл жерде 3 мың адам тұрады. Осы облыс аумағындағы аудан орталығы Зеренді ауылында 4 мың адам өмір сүруде. Бұл тұрғыда Зерендідегі аудан орталығына бағытталған жас дәрігерлер, мұғалімдер «Дипломмен ауылға» бағдарламасына қатыса алады. Ал халық саны аз Степняк қаласына баруға ниетті жас мамандардың аталған бағдарламаларға қатысуға мүмкіндігі жоқ. Яғни осындай қарама-қайшы жағдайлар тиісті кедергілер тудыруда. Қазақстан бойынша осындай қалалар, аудан орталықтары 17-ге жетіп отыр», - деді.

Оның пайымынша, бұл мәселе бойынша жекелей шешім қабылдау керек. Өйткені бұл аудан орталықтарына бағдарлама аясында жас мамандар өз еркімен баруға ниет білдірмейді.

«Біз елді мекеннің мәртебесіне қараймыз ба, әлде халық санына назар аударамыз ба? Неге біздің бюджеттік сала қызметкерлері осыдан зардап шегуі тиіс? Сәйкесінше, бұл бағдарламалар аталған жерлерде жұмыс істемесе, жас мамандарды елді мекендерге көптеп тарта алмаймыз», - деді Мұрат Теміржанов.

Айта кетейік, осыған дейін сенатор Бірғаным Әйтімова Жас мамандарды жемқорлардың «схемасынан» қорғау қажеттігін айтқан болатын.

Ал сенатор Дәриға Назарбаева жас мамандарға арнап, жатақхана салу мәселесін көтерді. 

Мәжіліс депутаты Кәрібай Мұсырман «Дипломмен ауылға!» бағдарламасы талапқа сай қаржыландырылмай отырғандығын айтты.

Соңғы жаңалықтар