Кейбір адамдар медицинаға жүгінбей емші, тәуіп аралап кетеді – онколог

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Неліктен онкологиялық сырқаттарды асқындырып алмаған жөн? Және Қазақстанда аталған дерттен емдеуде әлемнің қандай озық тәжірибелері қолданылып жатыр? Осы және өзге де онкологиялық ауру түріне қатысты сұрақтарға Нұр-Сұлтан қаласының бас онколог-дәрігері, көпсалалы медицина орталығының директоры Мұхтар Төлеутаев жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Онкологиялық аурудың зардабын тартушыларға қатысты бір проблема бар. Кейбір адамдар медицинаға жүгінбей емші, тәуіп аралап кетеді. Сол сияқты елімізде аталған сала бойынша мамандандырылмаған әртүрлі медициналық орталықтар бар. Одан қалды кей адамдар өз бетімен, халық емі әдісін қолданып жатады. Міне, осы аталған фактілер дертті асқындырып алуға өз әсерін тигізіп жатады. Жыл сайын 14-15 мың қазақстандық онкологиялық аурудан көз жұмады екен», - деді Мұхтар Төлеутаев.

Маманның айтуынша, елімізде онкологиялық ауруды емдеу әдіс-тәсілі халықаралық стандарт пен хаттамаға сәйкес жүргізіліп жатыр.

«Отандық онкология саласында Жапония, Оңтүстік Корея, Израиль, Германия, Франция және АҚШ елдерінің озық тәжірибесін қолданып жатырмыз. Тағы бір жайт елімізде онколог мамандарға тапшылық бар. Және оның бірнеше себебі бар. Біріншіден, еліміз бойынша жалпы медицина мамандары тапшылығы мәселесі күн тәртібінде, оның ішінде онкологтарда бар. Екіншіден, онкология медицинаның күрделі салаларының бірі. Көп жағдайда адамдар ауру асқынғаннан кейін барып келіп жатады. Ол жағдайда жұмыс оңай емес және үлкен жауапкершілік пен төзімділікті талап етеді», - дейді ол.

Айта кетейік, бүгінде ел көлемінде онкологиялық аурудан емдейтін 18 орталық бар. Одан бөлек, Нұр-Сұлтан қаласында Ұлттық онкологиялық орталық және Алматыда Ғылыми-зерттеу институт жұмыс істеп тұр.

Бұған дейін маман онкологиялық аурудың алдын алуға қатысты кеңес берген еді. Сол сияқты аталған дерт түріне көбінесе қай жастағы адамдардың шалдығатыны туралы айтқан еді.


Соңғы жаңалықтар