Кеудесін оққа тосқан батыр ұмытылмайды - Халық Қаһарманы Ғазиз Байтасов жайлы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Өмір бар жерде ерлік бар»... Халық Қаһарманы Ғазиз Байтасов жайлы осылай деуге болады. Ол қызметтік бабында жүріп, қырық жасында өмірімен қоштасамын деп ойламады. Бірақ, батыр өз жолынан таймай, тура келген ажалды қаймықпай қарсы алды.

Жамбыл облыстық Полиция департаментінен хабарланып отырғандай, азаматтарды құтқару жолында, бейбітшілік пен тыныштық үшін өз өмірін құрбан еткен көптеген полиция қызметкерлерінің есімі ІІМ тарихында жазулы тұр. Олар ұрпақ жүрегінде мәңгі қалары даусыз. Опат болғандардың қатарында полиция капитаны Ғазиз Байтасов та бар. Ол 2011 жылдың 12 қарашасында Тараз қаласында террорлық акт салдарынан қаза тапты. ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен оған қайтыс болғаннан кейін Халық Қаһарманы атағы берілді.

...Жамбыл облысы ІІД Жол полициясы жеке батальонының 1-взводының командирі, полиция капитаны Ғазиз Байтасов сол күні арнайы көлікпен кезекшілікте жүрген еді. Қазыбек би көшесіндегі орталық гастрономның жанына қылмыскер тоқтай қалып, қоршағандардың бәріне оқ жаудыра бастады: көліктер, витриналар, адамдар - қанқұйлы қылмыскерге бәрібір еді. Көлікті тоқтатқан Ғазиз, одан шыға сала қарсы оқ атып, қылмыскерді кері шегіндіреді. Джиптің артына жасырынып, көліктерді бөгет ретінде пайдалана отырып, қаскүнем кенеттен Ғазиздің кеудесінен оқ атқан еді - құқық қорғаушы да қарап қалмады.

Ғазиз қылмыскердің қолында граната барын білді. Бейбіт халыққа қауіп-қатердің төнгенін анық сезінді. Секундтардың өзі алтынға бергісіз сәт туды. Ауыр жараланғанына қарамастан, полиция капитаны террористпен бетпе-бет келіп, денесін қолмен ұстап, оны жерге құлатты. Осы кезде жарылыс «бұрқ» ете түсті.

Осындай ерлікке барып, көпті құтқарған Ғазиз Байтасов кім еді?

Батыр 1971 жылы 3 сәуірде Жамбыл қаласында Әбдібек Байтасов пен Гүлзат Шіркееваның отбасында дүниеге келген. Үлкен ұлы Ғазиз бен үш қызы - аялаған әке мен ананың бақыты еді. Кейін отбасы Жамбыл облысы Свердлов ауданының Түймекент ауылына көшіп келді. Ғазиз ауылда 1988 жылы орта мектепті бітірген.

«Ғазизді мектепте барлығы - мұғалімдер де, оқушылар да жақсы көретін. Оқу барысының өзінде көшбасшылық, принципке беріктік және ашықтық сияқты қасиеттері анық байқалатын. Ол барлық істерде - спорттық, мәдени-бұқаралық шараларда көшбасшы болды. Біз сыныптастармен осы күні жиі жиналамыз, сынып жетекшісі Айзада апайға барамыз, сол жылдарды жылылықпен еске аламыз. Біз Ғазизді мақтан тұтамыз. Уақыт айналып келсе де, ол бәрібір осындай ерлік жолын таңдайтын еді», - дейді Жамбыл облысы Полиция департаменті патрульдік полиция батальоны командирінің орынбасары, Ғазиздің сыныптасы әрі досы Шайзат Әліпбаев.
null

Мектептен кейін Ғазиз Байтасов Совет әскерінің қатарына шақырылды. 1992 жылы Жезқазған политехникалық университетінің Қаратау филиалының сырттай бөліміне «автокөлік шаруашылығы» факультетіне оқуға түсті. Полициядағы қызметі 1993 жылы Жамбыл облыстық ІІБ уақытша ұстау изоляторының айдауыл қызметінде басталды. Факультеттегі оқуына байланысты 1996 жылы жол полициясының инспекторы қызметіне ауысқан еді. 2010 жылы Жамбыл облысы ІІД ІІББ 1-взвод командирі болып тағайындалды. Полиция капитаны қызметі барысында қылмыскерлерді ұстау кезінде шебер іс-әрекеттері және жұмыстағы жақсы көрсеткіштері үшін ІІД басшылығының Алғыс хаттарымен, бағалы сыйлықтармен бірнеше рет марапатталған.

Жамбыл облысының полицейлері опат болған әріптесіне құрмет көрсете отырып, ел батырын жиі еске алады. Халық Қаһарманы полиция капитаны Ғазиз Байтасовтың есімі полиция департаментінің жеке құрамының тізіміне енгізілген.

Құқық қорғаушының отбасы да назардан тыс қалмаған. Оларға әрдайым моральдық және материалдық көмек көрсетіліп келеді.

Еске сала кетсек, осы айдың басында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ғазиз Байтасовтың отбасымен кездескен болатын. Мемлекет басшысы жұмыс сапары барысында батырдың отбасы тұрып жатқан үйге барды. Президентке полицейдің құрметіне қойылған ескерткіш тақта, оның фотосуреттері, медальдары мен жеке заттары көрсетілді. Қасым-Жомарт Тоқаев Халық қаһарманының жұбайымен және ұлдарымен әңгімелесу барысында Ғазиз Байтасовтың өте жауапты әрі қиын сәтте өз ісіне адал болғанын, оның ерлігі ешқашан ұмытылмайтынын атап өтті.

Соңғы жаңалықтар