Кесте тігуден 28 патент алған келіншек - Шетелдегі қазақ тілді БАҚ-қа шолу

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ХАА әдеттегідей шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.


Мұз-мүсіндер жарысында Моңғолияның «Мені құтқарыңыз!» жұмысы ерекше болды -

13 қаңтарда 25-ші халықаралық қарлы мүсіндер конкурсы Харбин қаласында өтті. Әлемдік сайысқа 10 ел мен өлкелерден 25 команда қатысты, деп хабарлайды kazakh.people.com.cn .

Бұл халықаралық жарыста Индонезиядан келген сайыскерлер тобы «Балидағы жас жұбайлар» қар мүсінімен шеберліктің ең үздік марапатын жеңіп алды. Әйтсе де, көпшіліктің ерекше ықыласына бөленген Моңғолия командасының «Мені құтқарыңыз!» атты мүсіндік жұмыстары болып отыр. Моңғолия командасының жұмысы бірінші орынға лайық деп бағаланған. «Моңғолия командасының сайыскерлері дайындаған «Мені құтқарыңыз» қар мүсіні Австралиядағы орман өртінде ауыр зардап шеккен көптеген жабайы жануарлар жөнінде екен. Мағынасы қоршаған ортаны қорғау», деп жазады қытайлық ақпарат көзі.

Аталған халықаралық бәсекеде Қытайдағы Хэйлунцзян заманауи өнер институтының конкурсқа қатысушылары «Әлемді сақтаңыз» атты қар мүсінімен екінші жүлдені жеңіп алса, Ресейдің «Владивосток» командасының сайыскерлері «Карнавал-маска шеруі» қар мүсінімен үшінші орынды иеленген. Оңтүстік Кореяның Микаса қаласынан келген «Samcheok City» командасының сайыскерлерінің «Баяу эстетика» қар мүсіні арнайы сыйлыққа ие болды, деп жазады қытайлық БАҚ.


Шахмат мамандық ретінде оқытылады - TRT


Түркияның Дузже университетінде спорт ғылымдары факультетінде шахмат «мамандық білімі» ретінде оқытылады, деп хабарлайды Түркия Радио Телевизия порталы.

Ақпарат көзінің дерегіне сүйенсек, Дузже университеті спорт ғылымдары факультетінің жаттықтырушылық кафедрасында студеттер шахматты «мамандық білімі» ретінде таңдай алады. 4 білім беру маусымында 224 сағат шахмат сабағын алады, 196 сағат шахмат жаттықтырушылығы бақылауы мен тәжірибесінен өтеді.

«Шахматты мамандық ретінде таңдаған студенттер білім алғаннан кейін Түркия Шахмат федерациясынан «3-ші дәрежелі шахмет жаттықтырушысы құжатын алады», деп жазады түркиялық БАҚ.


Қаба ауданында 10 мыңнан астам келіншек кесте тігеді - «Ағажай-Алтай» порталы

Қытайдың Қаба ауданында он саусағынан өнер тамған кестеші қызـкеліншек көп, бірақ, кестеден 28 патент куәлігін алған тек Бақытгүл Ығисақызы ғана. Жайылма ауылы Ақтөбе қыстағындағы өзге кестеші әйелдері Бақытгүлдің талантын да мойындайды, деп жазады «Ағажай Алтай» порталы.

Оның екі түрлі себебі бар. Бірінші, Бақытгүлдің кестешілік өнерінде ісмерлігімен бірге кестесі шебер жобаланған. Енді бірі, жобалаған кестесінің білім меншік құқығын заңдық қорғау танымы күшті, деп жазады altxw.com.

Қытайлық БАҚ-тың мәліметінше, Бақытгүл өзгеше жобалаған кестелеріне патент құқығын алғандықтан оның кестелерінің «көшірме» нұсқасы базардан кезікпейді. Қысқасы, оның әрбір тіккен кестесінің жобасы бір өзіне ғана тиесілі. Сол себепті, көптеген адамдар Бақытгүлді арнайы іздеп келіп тапсырыс беріп, қажетті бұйымын тіккізеді. Әсіресе, ұзатылатын қыздар оның кестелі бұйымдарымен отауын безендіруді әдетке айналдырған. Өйткені, олар Бақытгүлдің кестеленген бұйымдары ешкімге ұқсамайтын үлгімен тігілетінін біледі.

Бақытгүл «өзім жобалаған кестенің үлгісі неге өзіммен еш қатысы болмауы керек?» деп ойлап, Алтай аймақтық ғылым-техника мекемесіне барып, кәсіби қызметкерлерден кеңес алып, өзінің кесте жобасы үшін патентке өтініш етуі керек екендігін біледі. Сөйтіп, ол өзі жобалаған кесте өрнектеріне 2013 жылы тұңғыш рет патенттік куәлік алды. Содан бері Бақытгүл кесте жобаларын 28 рет патенттеген.

Ол кестелі бұйым жөніндегі түсінігін, сондай-ақ патент құқығын алудың маңыздылығын кестеші құрбыларына үнемі айтады. Қазірге дейін Бақытгүл 1000-нан астам кестеші тәрбиелеген.

«Мен қазақтың кестешілік өнерін жалғастырушының бірімін. Қолмен кесте тігу оңай емес. Мысалы, 1,8 метр ұзындықтағы төсек жапқышты тігуге жарты айдан астам уақыт кетеді, машақатты болғанымен тіккен бұйымы кестешінің ісімерлігін әйгілейді. Патентке өтініш ету өзің жобалаған бұйымды қорғау, онан да маңыздысы дәстүрлі қолөнерге көрсеткен ізет-құрметің», дейді Бақытгүл Ығисақызы.

Сондықтанда жылына бірнеше кесте үгісін патенттету оның өмір дағдысына айналған.

«Қазір Қаба ауданында кесте тігетін 10 мыңнан астам әйел бар. Кесте өнімдерінен түскиіз, сандық қап, киімـкешек, әшекей бұйымдары қатарлы 50-неше түрі бар. Сонымен бірге, Қаба ауданы кестешілік кооперативін құру, курс ашу қатарлы тәсілдер арқылы ұлттық өнерден маркалық бренд жасап, кестешілік кәсібін дамытуда», деп түйіндейді «Ағажай-Алтай» порталы.

Cпорттық шаралар аймақтың 80 жылдығына арналады - kaznews



Осы аптада kaznews.mn ақпараттық порталында, Баян-Өлгий аймағының Дене шынықтыру, спорт басқармасының бастығы Қайнар Қайсанайұлымен өткізген сұхбаты жарық көрді.

Сұхбатта Баян-Өлгий аймақтық спорт басқармасының басшысы Қайнар мырза қазақтар көп қоныстанған өңірдің өткен жылғы және одан бұрынғы уақыттардағы спорт саласында жеткен жетістіктері туралы кеңінен тоқталған. Атап айтар болсақ, 2019 жылы жалпы спорт түрлерінен ересектер арасында 17, жастар және жасөспірімдер арасында 21, жоспардан тыс 20-дай, барлығы 60-тай спорттық шаралар ұйымдастырылған екен. Аймақтық Дене шынықтыру, спорт басқармасының бастығы бұл әңгімесінде өздерінде бар спорт секциялары туралы да айтқан. «Аймағымызда моңғолдың ұлттық күресі, баскетбол, волейбол, бокс, зілтемір, таэквондо, карате, дзю-до, үстел теннисі, шағын футбол, сондай-ақ дене шынықтыру бағытындағы фитнес залдары қатарлы 13 түрлі секция тұрақты жұмыс жасайды», дейді Қайнар Қайсанайұлы.

Аталған сұхбаттың соңы Б аян-Өлгий аймағының спортына үлес қосып келе жатқан бейресми одақ, федерациялардың үлесі ерекше екенін айтумен аяқталған. «Біздің аймағымызда бүгінгі мәліметпен 30-ға тарта спорттық бейресми одақ, федерациялар жұмыс істейді. Сондықтан, осы ұйымдарды басқарушы азаматтардың аты-жөнін түгендеп, жеке-жеке алғыс айтуға бұл сұхбатымда мүмкіндік аз... Спортқа деген жанашырлықтары үшін бәріне де ризашылығымды, ақжарма алғысымды білдіремін!» деп ойын түйіндейді аймақтық спорт басқармасының басшысы Қ. Қайсанайұлы.

Өзбекстанда журналист қызметіне кедергі келтіргені үшін жауапкершілік күшейтілмек - «ӨзА» ақпараттық агенттігі


Қазіргі таңда қоғамға жылдам әрі шынайы ақпарат тарату мен оқиғаның келіп шығу салдарын анықтауда журналистке кедергі жасау фактілері бүкіл әлемде орын алып жатқан сорақы жағдай екені белгілі. Өзбекстан үкіметі осы жағдайды болдырмау және журналистердің мәртебесін көтермелеу мен олар құқығын қорғау мақсатында «Олий Мажлистің» Әкімшілік жауапкершілік туралы кодексіне толықтырулар енгізу туралы заң жобасы көпшіліктің талқылауына жариялады. Бұл туралы ӨзА ақпарат агенттігі жазады.

«Атаулы құжат бойынша, 1994 жыл 22 қыркүйекте қабылданып 2015-XII-санды Заңмен бекітілген Өзбекстан Республикасының Әкімшілік жауапкершілік туралы кодексіне бірқатар түзетулер мен қосымшалар енгізіледі. Атап айтқанда, 197-5 баппен толықтырылып, журналистік қызметке кедергі жасау, ақпарат таратуына немесе таратудан бас тартуға мәжбүрлеу, аккредиттеуден бас тартуға немесе аккредиттацияны орынсыз жарамсыз етуге, журналистің сұрақ қоюы және қажетті ақпаратты алу құқығын бұзуға, журналистің материалдары мен жұмыс құрал жабдықтарын заңсыз алып қою негіздері базалық есептеу мөлшерінің екі ден бес еселенген мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады. Еске сала кетсек, Олий Мажлистің Заң палатасы депутаты Расул Кушербаев бұл мәселеде аса көңілі толмайынын жеткізіп, «журналистерге қысым көрсеткен кісі заң аясында жазалануы тиіс, кешірім сұраумен құтылып кетуі керек емес» деп айтқан еді», - делінген агенттік сайтындағы ақпаратта.



Соңғы жаңалықтар