Керей мен Жәнібек хандардың еңселі ескерткіші мызғымас мемлекеттігімізге арналған мәңгілік белгі - Н. Назарбаев

None
None
АНА. Маусымның 1-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Елордада тұрғызылған Керей мен Жәнібек хандардың еңселі ескерткіші мызғымас мемлекеттігімізге арналған мәңгілік белгі. Бүгін ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Керей мен Жәнібек хандардың монументальды мүсіндік-көркем композициясының ашылу рәсімінде сөйлеген сөзінде осылай мәлім етті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгін асқақ Астанамыз тағы бір тағылымы мол сәулет туындысымен толыға түсті. Біз елордамыздың төрінде ұлысымызды заманындай ұйыстырған Керей мен Жәнібек хандардың ескерткішін ашып отырмыз. Бұл тұғырлы тарихымызға, қазақтық елдік дәстүрімізге, мызғымас мемлекеттігімізге арналған мәңгілік белгі. Баршаңызға белгілі, Керей мен Жәнібек хандар қазақ деп аталатын хандықтың алғашқы қадасын қақты. Алтын Орданың заңды мұрагері ретінде Шу мен Сырдың арасында бой көтерген Қазақ Ордасы уақыт ете келе ұлан-ғайыр далаға иелік етті», деді Н. Назарбаев.

Сонымен бірге, Елбасы бұл елордада Керей мен Жәнібек хандарға жасалып отырған құрметтің алғашқысы емес екендігін, Астананың сол жағалуында екі ханның атын иеленген үлкен көшелер бар екендігін атап өтті.

«Мен еліміздің бүгіні мен болашағын жалғап тұрған Астанамыздың ұлтымыздың үлкен тарихымен терең сабақтасып жатуына ерекше көңіл бөлетінімді білесіздер. Сондықтан, елордамызға жаңа көшіп келгенде Есілдің жағасынан азаттық жолында шәйіт болған Кенесары ханның ескерткішін орнаттық. Астанамыздың он жылдығына орай, елордамыздың бас алаңында зәулім Қазақ елі монументі тұрғызылды. Астана көшелеріне ұлы тұлғаларымыз бен тарихи қалаларымыздың аттары беріліп келеді. Бұның барлығы біздің ата-баба аманатына адалдығымыз бен ұрпақтар сабақтастығының жарқын көрінісі болуы қажет», деді Н. Назарбаев.

Соңғы жаңалықтар