Кепілдік берілетін сақтандыру санаттарының тізбесі кеңейтіледі - агенттік

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Заң жобасында кепілдік берілетін сақтандыру кластарының тізбесі кеңейтіледі. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында сақтандыру нарығына қатысты заң жобасын талқылау кезінде ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Заң жобасында жіктелген сақтандыруды дамыту ұсынылады. Ол халықты кәсіби қателіктерден және кәсіпкерлердің сапасыз қызметтерінен қорғау үшін қажет. Заң жобасында агенттіктің жіктелген сақтандыру шарттарының үлгілік талаптарын бекіту өкілеттігі көзделген. Бұл талаптар негізінде салалық министрліктер жекелеген қызмет түрлерін сақтандыру бойынша үлгілік шарттар әзірлейді», - деді М. Әбілқасымова.

Бұдан бөлек ол кепілдік берілетін сақтандыру санаттарына қатысты тоқталды.

«Заң жобасында кепілдік берілетін сақтандыру кластарының тізбесі кеңейтіледі. Бүгінгі күні сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры бес сақтандыру түріне ғана кепілдік береді. Қор кепілдігі заң жобасында ұсынылып отырған барлық міндетті және әлеуметтік маңызды сақтандыру кластарына, оның ішінде бірлескен зейнетақы аннуитеттері мен өмірді сақтандыру өнімдеріне қатысты қолданылады», - деді агенттік басшысы.

Айта кетейік, бүгін жалпы отырыста «Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне сақтандыру нарығын және бағалы қағаздар нарығын реттеу мен дамыту мәселелері бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда қаралды.


Соңғы жаңалықтар