Кепілдендірілген әлеуметтік пакет: Министр азық-түліктің сапасына қатысты сынға жауап берді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов кепілдендірілген әлеуметтік пакет аясында аз қамтылған отбасыларға берілетін азық-түлік сапасына қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Үкімет үйінде онлайн түрде баспасөз мәслихаты барысында «Бүгінде кепілдендірілген әлеуметтік пакет мәселесі өзекті болып отыр. Кейбір аналар әлеуметтік көмек аясында берілетін азық-түліктің сапасына наразы. Көрсетілген видеоға сәйкес оның ішінде құрт-құмырсқа өріп жүр. Осы мәселеге қатысты не дейсіз?» деген сауал жолданды.

Өз кезегінде еліміздің Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов аталған факті бойынша тексеру жүргізілетінін және расталған жағдайда тиісті шара қолданылатынын айтты.

«Атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасыларға кепілдендірілген әлеуметтік пакет шарасы аясында тегін азық-түлік жиынтығы беріледі. Бұл жерде азық-түлікті жеткізген бойда бірден ашып, тексеріп алған жөн. Егер талапқа сай келмесе, онда алушы азық-түлікті қайтарып беруге құқылы. Біз осыған дейін «Магнум» сауда желісімен бірлесіп осыған ұқсас келіп түскен шағымға сәйкес тексеру жүргіздік, факті расталмады. Сондықтан да азық-түлік жиынтығы дұрыс болмай шыққан жағдайда дереу бас тартып, ол туралы біздің министрлікке хабарласуға болады», - деп жауап берді С. Шәпкенов.

Бұған дейін министр Қазақстанда бала санына қарамай теңдей жәрдемақы беру мәселесіне қатысты пікір білдірді.

Оның мәлімдеуінше, бүгінде елімізде ана мен баланы қорғау бағытында қабылданған кешенді шаралар бар.


Соңғы жаңалықтар