Кенжекөл тұрғыны үйінің төбесінде 10 жылдан бері Көк ту желбіреп тұр - Павлодар облысы

Фото: None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат – Павлодардағы қазақтың даңқты боксшысы Бекзат Саттарханов көшесіндегі 21 үй ерекше көзге түседі, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Көк туымызды қастерлеп, өз үйінің төбесіне іліп қойған Ерсайын Шапин әрбір қазақстандық ұлттық рәміздерді құрметтеп, оларды бойтұмарындай қастерлеуі керек екенін айтады.

- Осыдан 10 жыл бұрын Аққулы ауданы, Мерғалым елді мекенінен Кенжекөл ауылына қоныс аудардым, - дейді Ерсайын Шапин. - Алғаш үйімнің іргетасын қалай бастағанда «осыдан баспанам салынып бітсе, төбесіне Көк байрағымды іліп қоямын» деп армандаған едім. Қазір сол арман орындалды. Бірақ, бұл күнге жету үшін біраз күресуге тура келді. Ақыр соңында Ата Заңымызда рұқсат етілгенін дәлелдегеннен кейін ғана кедергісіз үйімнің төбесіне орната алдым. Көзім жұмылғанша, Көк туым төбемде желбіреп тұрады.

Ауыл тұрғыны 70-80 мың теңгесін әр 2 ай сайын айырбастап отыратын Туға жұмсайтынын айтады.

- Қазақ «Тәрбие - талбесіктен басталады» деп бекер айтпаған ғой. Әуелі, өзгеге патриоттық туралы әңгіме айтпас бұрын балаларымның бойына отансүйгіштік қасиетті сіңіруім керек. Ол үшін тек Туымызды ғана емес, Әнұранымыз бен Елтаңбамыз туралы да жиі айтуымыз шарт. Осы ретте мені қынжылтатын бір нәрсе бар. Ол – көшеде шашылып жатқан тиындарды көре тұра, мән бермей өтіп кететіндерді көз көріп жүр. Айтпағым, 1 теңгелік тиын болсын, 100 теңгелік болсын, жерде жатса - көтеріңіз. Оған ақша деп емес, Мемлекеттік Елтаңбам деп қараңыз. Меніңше, елін-жерін, Отанын сүйетін әр адам бұл жағдайға бей-жай қарамайды деп ойлаймын, - дейді ол.


Соңғы жаңалықтар