Кенжехан Матыжанов: Жолдау- халықтың әл-ауқатын жақсартуды көздейтін бағдарламалық құжат

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының бас директоры, ҰҒА корреспондент мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Кенжехан Матыжанов Президенттің биылғы Жолдауына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» деп аталатын Қазақстан Республикасының Президентінің биылғы Жолдауы «Пандемиядан кейінгі кезеңдегі экономикалық даму», «Денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыру», «Сапалы білім беру», «Өңірлік саясатты жетілдіру», «Еңбек нарығында тиімді экожүйе қалыптастыру», «Саяси жаңғыру және адам құқығын қорғау», Ұлттың ұйысуы – одан әрі дамудың басты факторы» деп аталатын жеті тараудан тұрады»,- дейді ол.

Оның айтуынша, әр тарауда ел экономикасының пандемия жылдарындағы жағдайы мен жұртымыздың әлеуметтік өміріндегі күрделі мәселелер сараланып, халықтың әл-ауқатын арттыруға байланысты басым бағыттар анықталған.

«Қай заманда болмасын қоғамды алдыға сүйрейтін құдіретті күш – білім мен ғылым. Еліміздегі бұл саланың ахуалына айтылатын сын да, мін де толастаған емес. Сондықтан Мемлекет басшысы білім мен ғылым саласына арнайы тоқталып, өзінің сындарлы көзқарасын ашық білдірді. Ең алдымен, білім саласы қызметкерлерінің жалақысы келесі жыл басынан бастап тағы да 25 пайызға өсетін болды. Алдағы үш жылға осы мақсатқа 1,2 триллион теңге жұмсалады екен. Тағы да деп отырғанымыз ұстаздардың әл-ауқатын жақсартуға арналған бұған дейін де біршама шаралар қабылданған. Демек, ұстаздар мәртебесін көтеруге байланысты басталған игі бастамалар іс жүзінде жүйелі жолға қойылды деп айтуға болады.Соның нәтижесі болар, педагогикалық мамандықты таңдаушы жастардың қарасы жыл сайын көбейіп келеді. Мұғалімдердің жалақысының көтерілуіне байланысты, тіпті жоғары оқу орындарында ұстаздық етіп жүрген магистрлер мектепке қарай бет түзей бастағанын көріп те отырмыз»,- дейді спикер.

Сонымен қатар, ол Мемлекет басшысы көтерген тағы мәселеге қатысты ойын білдірді.

«Республика мектептеріндегі орын тапшылығы мәселесін жою үшін Мемлекет басшысы 2025 жылға дейін өңірлерде 800 мектеп салу жөніндегі бұрынғы тапсырмасын 1000-ға жеткізуді міндеттеді. Бұл дегеніңіз аталған мерзімде еліміздегі апатты жағдайда тұрған мектептерді жаңа мектептермен ауыстырып, үш ауысымды оқыту жүйесін түбірінен жоюға қол жеткізеді деген сөз. Ауыл мектептерін бала санына қарай қаржыландыруға көшіру де оң нәтижеге жеткізетін бастама. Президент оқушыларды кәсіби мамандыққа баулу мәселесіне де жіті көңіл бөліп, «тегін техникалық және кәсіби білім беру» жобасын жүзеге асыруды тапсырды. Қазір республика көлемінде 237 мың жас қыз-жігіттердің кәсіп те игермей, оқу да оқымай бос жүргендігі мәлім болды. Олардың басым көпшілігі шалғайдағы ауылдардың тұрмысы төмен отбасыларынан. Міне, осы келеңсіздікті жою үшін Президент «сұранысқа ие барлық мамандық бойынша техникалық және кәсіби білім жүз пайыз тегін берілуі керек» екендігін міндеттеді. Ондай білімді армия қатарында жүргенде де беруге болатындығын еске салды. Бұл шара негізінен елімізде күнделікті тіршілікке қажетті мамандықты игеруге деген ықыласты түбірінен өзгертеді деуге болады.

Сондай-ақ, пандемия кезінде қашықтан оқытуды ұйымдастыруда телекоммуникация желілерінің әлсіздігін сынға алып, Үкіметке қашықтан білім беруге қажетті ақпараттық жүйенің сапасын жақсартумен мықтап айналысуды тапсырды»,- дейді Кенжехан Матыжанов.

Оның айтуынша, мұғалімдердің жалақысын көтеру игі бастама.

«Президент ұстаздардың да білім-білігін заман талабына лайық оқтын-оқтын жоғарылатып отыру үшін оларды бұрынғыдай 5 жылда емес, 3 жыл сайын қайта даярлаудан өткізіп отырудың дұрыстығын меңзеді. Бұл - мұғалімдердің жаңа білім мазмұнын, оқытудың тың технологияларын игеруіне тың серпін әкелуі тиіс. Қоғамдық ортада соңғы жылдары көп талқыланып, көпшіліктің наразылығын тудырып жүрген өзекті мәселенің бірі – ғылымды дамыту екендігі белгілі. Мемлекет басшысы өзінің бұл мәселеден толық хабардар екендігін білдіріп, оны оңтайлы шешудің жолдарын нақтылады.

«Ғылымды дамыту – біздің аса маңызды басымдығымыз» дей отырып, бұл саланы реттейтін Заңдар мен заңнамалық құжаттарға жыл соңына дейін өзгерістер енгізу қажет екендігін баса көрсетті. Ол өзгерістер мынандай маңызды мәселелерді қамтуы тиіс: Бірінші кезекте, ғылыми зерттеумен айналысатын жетекші ғалымдардың тұрақты және еңбегіне лайықты жалақы алу мәселесін шешу. Ол үшін ғылыми зерттеу институттарын базалық қаржыландыру есебінен тікелей қаржыландыруды тапсырды»,- деп атап өтті спикер.

Сонымен қатар, ол осы уақытқа дейін ғылыми-зерттеу институттары үш қаржылық көзден – базалық, гранттық, нысаналы түрде – қаржыландырылатынын тілге тиек етті.

«Базалық қаржыландыруға мекемені басқарушылар мен әртүрлі қызмет көрсетушілер ғана енгізілетін. Оның құрамына жетекші ғылыми қызметкерлер енбейтін. Ал гранттық, нысаналық жобалар бойынша ғылымның өзекті мәселелері бойынша 2-3 жылға конкурс жариялау арқылы жүзеге асырылатын. Гранттық және нысаналы жобаларды ұта алмаған ғылыми қызметкерлер екі-үш жылға қаржысыз қалатын. Мұның салдары ғалым-мамандардың тұрақсыздығына, ғылыми зерттеулердің үзіліп қалуына апарып соқтыратын. Бұл үрдіс, әсіресе, іргелі ғылыми зерттеулерге орасан зардап келтірді. Міне, Президент тапсырмасы осы мәселені оңтайлы шешуді қарастырады. Бұл тапсырма жүзеге асатын болса, Білім және ғылым министрлігінің белгілеген ережесі бойынша іріктелген ғылыми-зерттеу институттары базалық тұрғыдан тікелей қаржыландырылатын болады.

Екінші мәселе, гранттық қаржыландырудың тым қысқа (екі-үш) мерзімге белгіленуі іргелі ғылымның дамуына кең өріс жасай алмайтын. Оның үстіне аз уақыттың ішінде күрделі тақырыптарға кешенді, іргелі зерттеулер жүргізу де мүмкін емес еді. Осы мәселені ретке келтіру мақсатында, Президент гранттық жобалар мерзімін бес жылға дейін ұзартуды ұсынды.

Үшінші мәселе, Ұлттық ғылыми кеңес шешімдеріне ғалымдар көп жағдайда наразы болып жатады. Бірақ сол наразылықты дәлелді түрде негіздеп, өз шағымдарын айтатын өкілетті орын жоқ еді. Қандай жағдайда болмасын Ұлттық ғылыми кеңес шешімі талқылауға, шағым жасауға болмайтын ақтық шешім болып қалатын. Міне, осындай оралымсыздық та, Мемлекет басшысының тапсырмасына орай оңтайлы шешілетін сияқты. Егер осындай өзекті мәселелер ретімен заңдылық жолымен жүзеге асатын болса, Қазақстан ғылымы заман талабына лайық тағы бір қарышты қадам жасайтыны сөзсіз»,-дейді М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының бас директоры.

Спикердің сөзінше, Мемлекет басшысы халқтың әл-ауқатын арттыру жолында бес бастаманы ел назарына ұсынды.

«Тұтастай алғанда, Қазақстан Республикасы Президентінің жаңа Жолдауы бүкіл әлемдік пандемия жылдары қоғамда қордаланып қалған көкейтесті мәселелерді көтерген және оны шешудің нақты жолдарын көрсеткен бағдарламалық құжат болды деуге толық негіз бар. Қазіргі қыл арқандай ширатылып, дүниенің апшысы қуырылып тұрған қиын заманда біздің елімізге ең керегі – құрыштай берік ынтымақ пен бірлік, сол ынтымақтан нәр алатын халықтың ырыс-берекесі екендігін Мемлекет басшысы дөп басып көрсетті. Ендігі үлкен мақсат осы жолдауда айтылған ізгі ниетті игілікті іске айналдыра білуде болса керек»,- деп қортындылады ойын Кенжехан Матыжанов.


Соңғы жаңалықтар