Кенжебек Олжабай Тараз қалалық мәслихатының төрағасы болып сайланды

None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – VIII шақырылым депутаттарының Тараз қалалық мәслихатының бірінші сессиясы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сессияға қала әкімі Бақытжан Орынбеков, мемлекеттік және атқарушы органдардың басшылары қатысты. Алғашқы сессияны қалалық сайлау комиссиясының төрағасы Арын Асқарбеков ашты.

«Сайлауға Тараз қалалық мәслихатының бір мандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша 82 кандидат түсті. Олардың 27-сі депутат болып сайланды. Жаңа сайланған депутаттардың 20-сы ер азамат, 7-еуі әйел. 4 депутат 35 жасқа дейінгі болса, 23 депутат 35-63 жас аралығында. Депутаттық корпустың орташа жасы 44 жасты құрады. Олардың арасында 6 инженер, 5 экономист, 7 оқытушы, 2 заңгер, 3 медицина саласының қызметкері және 4 басқа мамандық иелері бар», - деді қалалық сайлау комиссиясының төрағасы.

Айта кетейік, Тараз қалалық мәслихат депутаттарына бөлінген 27 мандат толығымен қамтылды.

Сегізінші шақырылған қалалық мәслихаттың төрағасы болып бірауыздан Кенжебек Олжабай сайланды.

Сессия соңында қала әкімі Бақытжан Орынбеков жаңадан сайланған депутаттарды құттықтап, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.

Бұған дейін Тараз қалалық мәслихатына кімдер өткенін жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар