КЕНЖЕБАЕВ БЕЙСЕМБАЙ

None
None
sp;Кенжебаев Бейсембай (1904-1987) - ғалым, түрктанушы, әдеби сыншы, аудармашы, филология ғылымдарының докторы, профессор.

Оңтүстік Қазақстан облысы Ордабасы ауданы Бөген ауылында туған. И.Сталин атындағы Мәскеудегі Шығыс еңбекшілері коммунистік университетін, М.Горкий атындағы Әдебиет институтын, Қазақ мемлекеттік университетін (Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) бітірген.

«Жас қайрат», «Лениншіл жас» («Жас алаш»), «Кеңес туы», «Оңтүстік Қазақстан», «Социалистік Қазақстан» («Егемен Қазақстан») газеттерінде, тағы басқа газет - журналдарда бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары, редактор, «КСРО Жоғары Кеңесінің Ведомостволарында» аудармашы қызметтерін атқарған. 1941-1944 жылдары - Қазақстан мемлекеттік біріккен баспасының бас редакторы, 1961 жылдан Қазақ мемлекеттік университетінің (Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) аға оқытушысы, филология факультетінің деканы, қазақ әдебиеті кафедрасының доценті, қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, 1975-1987 жылдары профессоры, кеңесші-профессоры қызметтерін атқарған.

Б.Кенжебаев - қазақ әдебиетінің мәселелеріне, қазақ баспасөзінің тарихына арналған іргелі еңбектердің, Абай Құнанбаевтің, С.Торайғыров, Ж.Жабаев, М.Сералин, М.Әуезов, С.Шәріповтердің өмірі мен шығармалары туралы зерттеулердің авторы. Жоғары оқу орындары студенттеріне арналған «ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеті оқулығын, «Ертедегі қазақ әдебиеті хрестоматиясын жариялады. Ауыз әдебиеті үлгілерін жинау, жүйелеу, зерттеумен айналысты. Кеңестік кезеңде коммунистік идеологияға орай ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің тарихын Бұхар жыраудан басталады деген жансақ пікірді теріске шығарып, оның Орхон-Енисей жазбаларынан басталатындығын ғылыми тұрғыдан дәлелдеген. Осы тақырыпта «Көне әдебиет туралы» (1969), «Қазақ әдебиетінің мәселелері» (1973) атты еңбектерін жазған. «Қазақ әдебиеті тарихы» (1948) кітабының фольклорға қатысты тарауларын жазып, «Жамбыл Жабаев - қазақ халқының жыршысы» (1955), «Біржан мен Сараның айтысқаны»(1955) тағы басқа зерттеулерін жариялаған. «Тымпи» (1943,1981), «Көңіл ашар» (1971) сатиралық фольклор мұраларын бастырды.

Б.Кенжебаев - көркем проза және аударма саласында да көп еңбек еткен. 1928 жылы «Асау жүрек» әңгімелер жинағы жарық көрген. А.Пушкиннің шығармаларының қазақша библиографиялық көрсеткішін жасаған. Көптеген орыс және шетел жазушы-ақындарының шығармаларын қазақ тіліне тәржімалаған.

Ленин орденімен және бірнеше медальдармен марапатталған.

 

Дерек көзі:

Қазақ ұлттық энциклопедиясы 4 том.

Соңғы жаңалықтар