Кентаудағы жалғыз жылу электр орталығы қатты тозған

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысы Кентау қаласындағы осыдан 70 жыл бұрын пайдалануға берілген ЖЭО-5 жабдықтары қазір 100% тозып тұр. Энергетика министрі Болат Ақшолақов өңірге жұмыс сапары барысында орталықтың жағдайымен танысып, әкімдік тарапынан тиісті шешімдер қабылдануы қажеттігін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Кентау қаласын тұрақты жылумен жабдықтау мақсатында қала әкімдігі жүйені дамыту перспективалары бойынша шешім қабылдауы қажет», - деді министр.

Болат Ақшолақов «Кентау сервис» МКК басшыларына алдағы жылыту маусымын өткізу үшін отынның нормативтік қорымен қамтамасыз ету қажеттігіне ерекше назар аудару керектігін айтты.


Аталып өткендей, жергілікті атқарушы органның жылыту маусымына дайындық үшін жыл сайын бөлетін қаражаты электр станциялары мен жылу желілері жабдықтарының ағымдағы жөндеу жұмыстарына ғана жетеді. Мәселен, өткен жылы жергілікті және облыстық бюджеттен 1,9 млрд теңге бөлінген, оның 1,2 млрд теңгесі көмір сатып алуға бағытталды. Алайда, ЖЭО-5 жабдықтары мен жылу желілерін жөндеуге 3,180 млрд теңге қажет болған.

Кентау қаласының әкімдігі көп қабатты тұрғын үйлерге жеке газ қазандықтарын орната отырып, тұтынушыларды қолданыстағы ЖЭО-дан автономды жылытуға ауыстыру арқылы қаланы жылумен жабдықтау жүйесін дамытудың баламалы нұсқасын ұсынды. Баламалы жобаның құны – шамамен 24,2 млрд теңге.

Еске сала кетейік, 5 сәуір күні министрді қабылдаған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі жылу энергетикалық нысандарда апаттардың жиілеп кеткенін айтқан болатын .


Соңғы жаңалықтар