Кентауда имамдардың діни біліктілігін арттыруға арналған семинар өтті

None
None
АРЫС. Қазақпарат – Түркістан облысы, Кентау қаласында имамдардың діни біліктілігін арттыруға арналған семинар өтті. Басқосуды Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Түркістан облыстық өкілдігі мен «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» ұйымдастырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстың бас имамы Мұсабек Ақтамберді семинарды ашып беріп, елдегі қоғамдық және діни тұрақтылықтың маңыздылығына тоқталды. Тұрақтылықты сақтауда дін қызметкерлерінің ролі зор екендігін атап өтті. Қазақстанның тәуелсіздігін баянды етуде, түрлі діни ұйымдардың құйтырқы идеологиясына қарсы тұруда, зайырлы қоғам принциптерін ұлықтауда аянбай еңбек етуге шақырды.

Облыстық «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» басшысының міндетін атқарушы Медет Халықов «Абай Құнанбайұлы және Шәкәрім Құдайбердіұлы еңбектеріндегі дін мәселелері» тақырыбында ғибратты әңгімелерін айтып берді. Сонымен қатар, күнделікті өмірімізде орын алатын діни мәселелерді құқықтық және діни тұрғыдан түсіндіріп берді.

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» оңалту жұмыстарын жүргізу бөлімінің меңгерушісі Мұрат Мұстафаев кереғар діни ағым ықпалынан сақтану жолдарын, ол идеологияның ықпалына түскен азаматтарды дәстүрлі жолға бейімдеу тәсілдерін тереңінен түсіндірді.

Салиқалы семинар соңында Мұсабек Ақтамберді мешіт молдаларының сұрақтарына жауап беріп, өз білімдерін ұдайы жетілдіріп отыруды, дін қызметкерлері арасындағы ауызбірлік пен ынтымақтастықты берік етіп ұстау қажеттігін атап өтті.

Соңғы жаңалықтар