Кентауда Алаш арысының немере інісі, атасымен аттас Сұлтанбек Қожанов тұрады

None
Фото: Кентау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Кентауда Алаш арысының немересі, атасымен аттас Сұлтанбек Қожанов тұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кіші Сұлтанбек Қожанов алаш арысының інісі Сейдолланың кенже баласы болып келеді.

«Арда ұлдың аты өшпесін» деп әкесі есімін Сұлтанбек Қожанов қойған.

Бүгінде кіші Сұлтанбектің ұл-қыздары атасы жайлы өлеңдерді, қарасөздерді жаттап алған. Мектебінде үлкен мақтанышпен айтып жүреді.

«31 мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнінде және атам мен әкемнің қайтыс болған күнінде ағайын-туысты жинап, аруағына жыл сайын құран бағыштап тұрамыз. Атам Сұлтанбек Қожановтың жерленген жері Мәскеу шетіндегі «Коммунарка» зиратынан табылғанда әулетімізбен қатты қуандық. Елді жинап ас бердік. Арнайы делегация туған жері Ақсүмбенің топырағын зиратына салып келді. Кейіннен кітап шығардық. Ендігі арманым - атам мен әкемнің өмірінен сыр шертетін кино түсірсек деймін», – дейді атасымен аттас Сұлтанбек Қожанов.

Сұлтанбек бүгінге дейін әкесі мен атасы жайлы біршама мәліметтерді жинаған.

Кітап жаздырып та көпшілікке ұсыныпты. Бар мақсаты - атасы мен әкесі туралы тың деректерді толықтырып, еңбегін насихаттау.

«Әкем ағасы Сұлтанбек жайында көп айтып отыратын. Елді ашаршылық жайлаған кезде ол 12-13 жасар бала болыпты. Темір торға қамалардың алдында інісі ағасымен бір тәулік бойы сөйлескен екен. Содан ертеңіне түнде екі солдат келіп атамды алып кеткен. Алғашында аудандық түрмеде бір айға жуық жатыпты. Кейін қайда кеткені белгісіз», - дейді ол.


Кейіннен бала Сұлтанбектің әкесі Сейдолланы да Созақтан ұстап, Қарағандының түрмесіне дейін жаяу алып барған. Одан жер аударып Сібірге жіберген.

Жаратушы жар болды ма, Сейдолла Қожанов сол кездегі ату жазасынан аман қалыпты.

Түрмеден босаған соң туған жері Ақсүмбеге оралады. Арада біршама уақыт өткен соң Кентау қаласына қоныс аударған.

Сонда көп жылдар бойы шахтада жұмыс істеп, зейнетке шыққан.

Қоғам қайраткерінің немере інісі Сұлтанбек Қожанов қазір Кентау трансформатор зауытынды қызмет атқарады. Негізгі мамандығы - құрастырушы.

Ал бос уақытында кітапханаға барып атасы мен әкесі жайындағы естеліктерді жинақтаумен шұғылданады. Ғылыми конференцияларға қатысып, тың мәліметтер іздейді.

Бүгін Сұлтанбек Кентау қаласында өткен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу шарасына қатысты.

Көпшілікке атасы туралы әсерлі естеліктерін бөлісіп, өмірі жайында айтып берді.

Кентау қаласының әкімі Жандос Тасовпен бірге атасы С.Қожановтың ескерткішке гүл шоқтарын қойды.



Соңғы жаңалықтар