Кентауда 5 жыл бұрын қарақшылық шабуыл жасағандар ұсталды

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысындағы Кентау қаласында 5 жыл бұрынғы қылмыс ашылды. Қарақшылық шабуылды қазір Шымкенттегі түрменің бірінде отырған «Н» есімді сотталушы сыбайластарымен бірге жасаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық ІІД баспасөз қызметінің мәліметінше, аталған қылмыс 2013 жылдың сәуір айында Кентау қаласында жасалған. Бетперде киген төрт қарулы адам жергілікті тұрғын үйлердің бірінің терезесін бұзып ішке кірген. Үй иесінің аяқ-қолдарын скотчпен байлап тастап, ұрып-соғады. Содан соң темір сейфтегі 1 миллион теңге мен алтын бұйымдарды алып кеткен.
«Аталған жайт бойынша Кентау қалалық ІІБ қызметкерлері жедел-іздестіру жұмыстарын тоқтаусыз жүргізді. Нәтижесінде Шымкент қаласындағы жазаны өтеу мекемесінде қамауда отырған 1989 жылғы «Н» есімді сотталушының осы қылмысқа қатысы бар екені дәлелденді», делінген хабарламада.
Тергеп-тексеру жұмыстары барысында сотталушы бұл қылмысты жалғыз істемегенін айтқан. Яғни ол қылмыс әлемінде «тентек Мура», «Тутрин» лақап аттарымен белгілі бұзақылармен бірге жасағанын мәлім еткен. Полицейлер бес жылдың ішінде аталған тұлғаларға қатысты тиісті дәлелдерді жинақтайды. Тәртіп сақшыларының тергеп-тексеру жұмыстары нәтижесінде осы жылдың қаңтар айында қылмыскерлердің кінәсі толық дәлелденді.
«Қазіргі таңда басқа қылмыс жасағаны үшін Семей қаласындағы жазасын өтеу мекемесінде қамауда отырған «тентек Мура» Шымкент қаласына ауыстырылып, «Тутрин» Түркістан қаласынан қамауға алынды. Кентау қалалық соты «тентек Мураны» 20 жыл 6 айға, «Н» есімді қылмыскерді 12 жылға және «Тутринді» 11 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды», делінген облыстық ІІД баспасөз қызметінің мәліметінде.

Соңғы жаңалықтар