Кентау қаласында білім саласы цифрландырылып жатыр

None
None
КЕНТАУ. ҚазАқпарат – Түркістан облысының Кентау қаласында білім саласы цифрлануда. Бұл туралы қалалық білім бөлімінің басшысы Әділ Әуелбеков ұстаздардың тамыз кеңесінде айтып өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әділ Әуелбековтың сөзінше, бүгінде педагогтарды жұмысқа қабылдау процесін автоматтандыру мақсатында jumys.sitcen.kz, mektep. sitcen.kz, balabaksha. sitcen.kz сайттары қолданысқа енгізілген. Қалада 1-10 сыныптарда электронды күнделік жүйесі жұмыс істеп тұр. Электронды журналдар мен күнделіктер бойынша кез келген ата-ана ғаламтор арқылы баласының үлгерімін қадағалай алады

«Kundelik.kz жүйесіне қазіргі таңда 2750 мұғалім, 38844 оқушы, 29658 ата-ана тіркеулі тұр. Onlain.sabak.kz сайтына 43 мектеп тіркелген. Bilim land.kz жүйесімен 63 мектеп жұмыс істеуде. 2018-2019 оқу жылында жалпы білім қорынан қаржы қарастырылып, үш мектепке робототехника жабдықтары алынған болатын. Мектептердегі материалдық-техникалық базаны нығайту мақсатында биыл 22 география, 15 математика, 11 тарих кабинеті жасақталып, 10 лингафон мен 273 компьютер сатып алынған»,- деді білім бөлімінің басшысы.

Әділ Әуелбековтың сондай-ақ, биыл ұлттық біліктілік тестілеуінен өту арқылы педагогтарды аттестаттаудың жаңа жүйесі енгізілгенін атап өтті. Ал, өткен оқу жылын кентаулық ұстаздар жақсы нәтижелермен аяқтаған.

«Өткен оқу жылында Кентау қаласы бойынша 262 педагог тестілеуден өтсе, биылғы оқу жылында 896 педагог тестіге қатысқан. Ал, жаңартылған білім мазмұны бойынша 2503 педагог арнайы курста оқып келді. Жаратылыстану пәндері бойынша қаладағы 63 мектепте физика, химия, биология, информатика пәндерін ағылшын тілінде оқыту элементтері енгізіліп отыр»,- деді білім бөлімінің басшысы.

Соңғы жаңалықтар