Кентау қаласы Түркістанмен қатар дамиды - Өмірзақ Шөкеев

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысы әкімдігінде өткен мәжіліс отырысында Кентау қаласының әкімі Дәурен Махажанов шаһардың даму жоспарларымен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Дәурен Махажановтың айтуынша, Қотырбұлақ елдімекенінде салынып жатқан күн сәулесінен қуат алатын электростанция құрылысы жыл соңына дейін аяқталады. «Hevel Kazahstan» ЖСШ жобасының құны 15,9 млрд теңгені құрайды. Сондай-ақ, Кентауда полиэтиленді труба, радиатор шығаратын цехтар мен «Темір-бетон бұйымдарын өндіру зауыты» іске қосылады.

«Биыл «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында Кентау қаласына қарасты Шаға және Ораңғай ауылдарында 1 мектеп күрделі жөндеуден өтті. 36 жол жөнделіп, жаяу жүргінші жолдары салынды, көшелер жарықтандырылуда. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасымен 35 мектеп ағымдағы, 1 мектеп күрделі жөндеуден өтті. Көшелер де ретке келтіріліп, саябақтар абаттандырылды. 1 көпір және жаяу жүргінші жолдар жөнделуде. Аталған бағдарлама аясында 300-ден астам жұмыс орнын ашу жоспарланған», – деді Кентау қаласының әкімі.

Мәжіліске төрағалық еткен Өмірзақ Шөкеев кезінде өндірісі өркендеген өңір болған 65 жылдық тарихы бар қаланы дамытуды тапсырды.

«Кентау қаласы Түркістанмен қатар дамиды. Қалаға қарасты ауылдық округ халқының әлеуметтік, құрылыс, инфрақұрылымдық мұң-мұқтаждары мен өзекті мәселелерін дер кезінде шешуді тапсырамын. Ауылшаруашылығы, кәсіпкерлік және өндірісті дамытып, инновациялық жобаларға басымдық беруді міндеттеймін», – деді Өмірзақ Шөкеев.


Соңғы жаңалықтар