Кентау әкімі қала маңындағы ауылдарды аралап, халықпен кездесті

None
None
КЕНТАУ. ҚазАқпарат – Түркістан облысы Кентау қаласының әкімі Дәурен Махажанов 8 мыңға жуық тұрғыны бар Оранғай ауылына барып, жергілікті халықпен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Дәурен Махажанов ауыл әкімі Сыздық Пірметовтың ауылдың әлеуметтік-экономикалық жағдайы мен алдағы даму жоспарлары жайындағы баяндамасын тыңдады.

Атқарылған жұмыстармен танысып шыққан қала әкімі әр ауылға жасалған 3 жылдық даму жоспарының орындалу барысы жайында толыққанды мәлімет берді. Оранғай ауылының болашағы зор екенін атап өтті. Мәселен, осы өңірден экономикалық аймақ салынады. Ол жерде бірнеше кәсіпорын ашылып, жұмыс көзі артады.

Сондай-ақ қала әкімі «Оранғай ауылы қалаға айналады» деп атап өтті. Ол үшін ауылға инфрақұрылым жүргізіледі. Толыққанды жарықпен қамтылып, кәріз жүйесі орнатылады.

Жиында ауыл тұрғындары жарыссөзге шығып, қала әкіміне өз ұсыныс-пікірлерін жолдады. Бірқатар мәселелерді көтеріп, әсіресе ауылда жылдан жылға халық саны артып, мектеп жасындағы балаларға жаңа білім ордасы қажет екенін айтып өтті. Сонымен қатар, жол, жарық жайы да сөз болды. Тұрғындардың өтінішіне назар салған қала әкімі Дәурен Махажанов аталған мәселелер кезең-кезеңімен шешілетінін жеткізді.

Айта кетейік, бүгінде Оранғай ауылы 3 елдімекеннен тұрады. Ауыл округі бойынша 181 шаруа қожалық, мемлекеттік мекемеде 484 қызметкер жұмыс атқарады. 87 азамат жеке кәсібін ашқан. Оранғай ауылдық округінде бірнеше кәсіпорын жұмыс істейді.

Соңғы жаңалықтар