Кеншілер қаласында кәсіп бастаушылар қатары көбейді

None
None
КЕНТАУ. ҚазАқпарат – Түркістан облысының Кентау қаласындағы 16 ауылдық округте ішкі жолдар жөнделіп, әлеуметтік нысандардың құрылысы жүруде. Жергілікті тұрғындар арасында егін егіп, мал шаруашылығымен айналысушылар қатары да көбейіп келеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мәселен қалаға қарасты Шаға ауылының тұрғыны, бес баланың анасы Баян Ратаева мемлекеттен берілетін атаулы әлеуметтік көмек ретіндегі қаржыға 80 тауық пен екі сиыр сатып алған. Қазіргі таңда жұмыртқа мен сүт сатып, күнделікті табыс тауып отыр. Алдағы уақытта алатын қаржысына қора жайларын реттемек.

«Көп балалы аналарды қолдап отырған мемлекет басшыларына рахмет. Жолдасым екеумізде жұмыссыз едік. Қазір шағын кәсіп иесі атанып отырмыз», – дейді Баян Ратаева.

Бүгінде Шаға ауылында 500-ге жуық отбасы атаулы әлеуметтік көмек алуға құжат тапсырса, оның 400 жуығы қаржы алған. Ауыл тұрғындары осы қаражаттар арқылы түрлі кәсіптерін бастаған.

Ауылдағы «Ерасыл» шаруа қожалығында 1,5 гектар жерден бір кезеңде 120 тона өнім алынуда. Негізінен болгар бұрышы мен қияр, қызанақ, баклажан өсірілетін жылыжайдан жылына екі реттен өнім алынады. Өнім піскен уақытта тапсырыс берушілер арнайы Астанадан келіп алып кетеді екен.

Ауылда әлеуметтік нысандар да бой көтеруде. Жаңадан салынып жатқан 600 орындық мектеп биылғы жылы ел игілігіне беріледі деп жоспарлануда. Ауыл маңындағы 1 мың гектар жерге сондай-ақ, Түркістан облысының әуежайы да салынуда. Әуежайдың құрылысы аяқталған кезеңде ауыл тұрғындары да тұрақты жұмыспен қамтылмақ.

Соңғы жаңалықтар