Кенияда қонақүйге террористік шабуыл жасалды

None
None
НАЙРОБИ. ҚазАқпарат - Сейсенбі, 15 қаңтар күні Кения астанасы Найроби қаласында қонақүйге шабуыл жасалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Анадолы агенттігіне сілтеме жасап.

Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, қонақүйде алдымен жарылыс болған, оның соңынан атыс естілген. Лаңкестік актіге жауапкершілікті «Аш-Шабаб» террористік тобы өз мойнына алды.

«Полиция оқиға орнын қоршауға алды», - делінген Анадолы сайтында.



Ал Синьхуа агенттігінің жазуынша, Кенияның күш құрылымдары Найробидегі қонақүй-кеңсе кешенін өз бақылауына алу үшін лаңкестермен күресті әлі де жалғастыруда. Оқиға орнынан құтқарылған, қаза болған және зардап шеккендер туралы ресми мәліметтер әзірге жоқ.

«Қаруланған қылмыскерлер ғимаратта екені белгілі. Арнайы жасақ жауынгерлері қазіргі уақытта оларға қарсы операция жүргізуде», - деді Кения полициясының бас инспекторы Джозеф Бойнет.

«Кенияның кейбір ауруханаларында донорлық қанды қабылдау пункттері ашылған. Кенияның шетелдік елшіліктері террористік шабуылға байланысты өз азаматтарын абай болуға шақырды. Шабуыл үшін жауапкершілікті «Аш-Шабаб» экстремистік тобы өз мойнына алды», - деп жазды Синьхуа.


Associated Press-ке сілтеме жасап Белта агенттігі хабарлағандай, қонақүйге шабуылды қаруланған бірнеше адам жасаған.

«Жергілікті полицияның мәліметіне сәйкес, Dusit кешеніне шабуыл екі жарылыстан кейін басталды. Олардың бірін қонақүйдің кіреберіс залында жанкешті-лаңкес жасаған. Жарылыс салдарынан отельдің көптеген қонақтары жарақаттанды. Кейін қарудан оқ атылған. Қыскөйлерге қарсы операция әлі де жалғасуда. Олар ғимарат ішінде. Полиция бөлмелерді аралап, жасырынып отырған отель қонақтары мен қызметкерлеріне сыртқа шығуға көмектесуде», - делінген агенттік ақпаратында.

Оқиға куәгерлері кем дегенде бес адамның қаза болғанын айтуда.

Соңғы жаңалықтар