Кенеттен қайтыс болған сенатор Гүлмира Кәрімованың мандаты үшін депутат сайлауы маусымда өтеді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысынан Сенат депутаты болып сайланып, мезгілсіз көз жұмған Гүлмира Кәрімованың бос қалған мандатын иелену үшін 2 маусымда сайлау өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«ҚР сайлау туралы» Конституциялық Заңының 26-бабының 2, 4-тармақтарына сәйкес, Солтүстік Қазақстан облыстық сайлау комиссиясы танысу үшін ҚР Парламенті Сенатына Солтүстік Қазақстан облысынан депутат сайлау жөніндегі таңдаушылардың тізімі бекітілді. Әрбір сайлаушы тізімдегі өзі туралы деректерді тексеруге және тізімге енгізілмегеніне, дұрыс енгізілмегеніне, сондай-ақ тізімде таңдаушылар туралы деректерде жіберілген дәлсіздіктерге шағымдануға құқылы», - делінген әкімдіктің ресми сайтында жарияланған хабарламада.

Айта кетейік, Сенат депутаттарын жергілікті маслихаттардың депутаттары сайлайды. Маусым айында өңірде өтетін сайлауға СҚО-дағы маслихаттардан 193 таңдаушы қатысады. Олардың толық тізімімен мына сілтеме арқылы өтіп, танысуға болады.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, облыстық сайлау комиссиясына өзін-өзі ұсыну тәртібімен Парламент Сенатының депутаттығына үмітті мына 7 кандидат құжат тапсырған:

- Мелехов Сергей Владимирович;

- Махиня Евгений Сергеевич;

- Есдәулетов Жақсылық Төлеуұлы;

- Жалғасбаев Біржан Нұрмаханұлы;

- Рафальский Анатолий Брониславович;

- Рахметова Әсем Қалашбайқызы;

- Қасенова Рауза Ивановна.

«Бір кандидаттың ҚР Конституциясының және «ҚР сайлау туралы» заңының талаптарына, яғни ҚР мен СҚО аумағында тұрақты тұру бөлігіне сәйкес келмеуіне байланысты ұсынылуы тоқтатылды. Бір кандидат өз еркімен кандидатурасын қайтарып алды. 5 кандидаттың талаптарға сәйкестігі анықталды. Парламент Сенатының депутаттығына кандидаттарды қолдау үшін сайлаушылардың қолдарын жинау рәсімі басталды», - делінген әкімдік сайтында жарияланған хабарламада.

Естеріңізге сала кетсек, 27 қаңтарда жаңадан сайланған сенатор Гүлмира Кәрімова кенеттен қайтыс болды.

Оған «анафилаксиялық шок» алдын ала диагнозы қойылды. Дегенмен, кейін Астана қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі Гүлмира Кәрімованың өліміне тікелей себеп жүрек талмасы екенін айтты.

Кейін Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров Гүлмира Кәрімованың орнына жаңа сенаторды сайлау қашан өтетінін мәлім етті.


Соңғы жаңалықтар