Кенесарының басы табылса, Елбасының өзі оны әкелтуге күш салатын еді - Мәдениет министрі М. Құл-Мұхаммед

None
None
ТАНА. 2 қараша. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Кенесарының басы табылса, Елбасының өзі оны әкелтуге күш салатын еді.

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында «Мәдени құндылықтарды заңсыз әкелуге, әкетуге және оларға меншік құқығын беруге тыйым салу мен олардың алдын алуға бағытталған шаралар туралы конвенцияны ратификациялау туралы» заң жобасын талқылау барысында Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед осылай мәлім етті.

Тоқтала кететін жайт, құжатты талқылау барысында депутаттар тарапынан Кенесары ханның басын қайтаруға қатысты қандай шаралар атқару керектігі туралы мәселе көтерілген еді.

«Кенесарының басы «анда бар», «мында екен» деген деректер 1990 жылдан бастап әртүрлі болжаммен айтыла бастады. Менің оны іздемеген жерім жоқ. Министрліктің қызметіне келгеннен соң Орынбордан іздестірдік, Омбыны шарладық. Кунскамерада делінді, онан да іздестірдік, этнографиялық музейде деген әңгіме де болды, одан да таппадық. Тіпті осындай деректердің бірде біреуі ескерусіз қалған жоқ. Ол аз десеңіз біз Кене ханның денесін тауып қаламыз ба деген ниетпен Қырғызстанның территориясында 4 жерден археологиялық қазба жұмыстарын жүргіздік. Ешбір жерде бірде бір құжатта, мұражайда «мынау Кенесары ханның басы» деп тіркелген мағлұмат жоқ. Егер ондай мәлімет табылған жағдайда, шынын айтқанда, Мемлекет басшысына дейін өтініш жасап, қолымнан келгеннің бәрін жасар едім. Бұдан бөлек, Елбасының тапсырмасы болған: «егер шынымен Ресейдің мұражайларында Кененің басы сақталған болса, оны табу керек, іздеу керек», деген. Президент «қолыңнан келмесе маған айт, оны алдыруға күш саламын» деп еді. Өкінішке қарай, ресми жолмен де, ресми емес жолмен де, ғалымдардың қолындағы мағлұматтармен де түгел іздестірдік, табылмады», - дейді Мәдениет министрі М. Құл-Мұхаммед.

Соңғы жаңалықтар