Кеңес Рақышев бокстан әлем чемпионатының жеңімпаздарына өз қаражатынан 100 мың доллардан бермек

None
Фото: instagram.com/boxingkazakhstan
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстан бокс федерациясының президенті Кеңес Рақышев Ташкентте өтетін әлем чемпионатында жеңімпаз атанған еліміз спортшыларына жеке қаражаты есебінен 100 мың доллардан береді, деп хабарлайды ҚазАқпарат федерация ақпаратына сілтеме жасап.

«Бокс – еліміздегі ең танымал әрі ең нәтижелі спорт түрі. Сондықтан, Ташкенттегі әлем чемпионаты жанкүйерлердің ерекше назарында болары анық. Қазақстан бокс федерациясы, бапкерлер және спортшылардың өздері алдағы додаға тиянақты дайындалу үшін бар күш-жігерін жұмсады (...)

Жігіттермізді ынталандыру мақсатында, жеңімпаздар мен жүлдегерлерді дәстүрлі түрде өз қаражатым есебінен қосымша сыйақымен марапаттаймын. Чемпиондарға 100 мың АҚШ долларынан қарастырылған.

Боксшыларға айтар басты тілегім – есімдеріңізді тарихта қалдырыңыздар. Сіздерге бүкіл Қазақстан жанкүйер болатынын ұмытпаңыздар!», - деп келтіреді бокс федерациясы К.Рақышевтің сөзін.

Сондай-ақ федерация басшысы Қазақстан спортшыларына қолдау білдіруге шақырды.

«Демеу болса, ұлттық құраманың боксшылары аянып қалмасы анық. Бірлік бар жерде – тірлік бар. Барлығымыз бір жұдырық болып жұмылсақ, алынбайтын қамал жоқ. Әлемдік аренада тағы бір мәрте үздік атану үшін қауқарымыз жетеді», - дейді ол.

Айта кетейік, бұған дейінгі әлем біріншілігінде Қазақстан құрамасы 2 алтын, 2 күміс, 1 қола жүлде иеленген болатын.


Соңғы жаңалықтар