Кеңес Одағы ядролық соғысқа қалай дайындалды

None
None
  АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Абай Тасболатов кеңестер кезінде әскердің ядролық соғысқа қалай дайындалғанын айтып берді, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мен әскери салада 43 жыл қызмет еттім. Соның ішінде 23 жылымды Кеңес армиясында өткіздім. Ашығын айтайын, сол кезде бізді ядролық соғысқа дайындады. Әлі есімде, Фрунзе атындағы әскери академияда оқығанда менің дипломдық жұмысым мотоатқыштар дивизиясының ядролық қарудың көмегімен шабуыл жасау тактикасына арналды. Сол кезде дипломдық жұмыстардың 60 проценті, оқу-жаттығулар да ядролық қаруды қолдану мәселесін қамтыды. Тактикалық қарудан бастап жаһандық ауқымға дейінгі шаралар болды. Өкінішке қарай, әскери адамдардың өздері ядролық қарудың қауіп-қатерін түсінбеді. Бізді жауды жоюға ғана үйретті. Ал ондай соғыстың салдары қандай болатынын айтпады», - деді А.Тасболатов ядролық қарусыздандыруға арналған конференцияда.

Оның айтуынша, оқу-жаттығулар кезінде әскерилердің жеке іс-қимылынан бастап брондалған теxникамен әрекет етуге дейінгі барлық шаралар атқарылды.

«Шыны керек, бұның бәрі ешкімді құтқармайтын еді. Жапонияның ядролық қарудан қалайша зардап шеккенін бәріміз жақсы білеміз. Қазақстан жерінде 400-ден астам жарылыс болды. 1,5 миллион адам зардап шекті, адамдар әлі күнге соның зардабын тартып келеді», - деп атап көрсетті А.Тасболатов.
Айта кетейік, бүгін Астанада «Қазақстан мен Жапонияның ядролық қарусыздандыру саласындағы ынтымақтастығы: «Бір тағдыр, жалпы мақсат» тақырыбында xалықаралық конференция өтті.

Шараның ұйымдастырушылары - ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институты, сондай-ақ, Гои бейбітшілік қоры.

Конференцияда ядролық қарусыздандыру саласындағы өзекті мәселелер талқыға салынды. Бүгінде Жапония осы салада Қазақстанның негізгі серіктестерінің бірі болып саналады. Аталған мемлекет те ядролық қарудың тауқыметін көрді. Сол себепті ядролық қаруға қарсы үш қағидасына жүгініп, әлем елдерін ядролық қарусыздандыру қозғалысына қосылуға үндеп отырады. Ал Қазақстан «Семей-Невада» қозғалысы, «Атом» бағдарламасы және Ядролық қарудан бас тартудың Халықаралық күні сияқты батыл бастамаларды іске асыра білді.

Соңғы жаңалықтар