Кендірлі су тұщыландыру зауыты 2024 жылдың соңына дейін салынады

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Маңғыстау облысының Кендірлі елді мекенінде су тұщыландыру зауыты 2024 жылдың соңына дейін салынады. Бұл жайында Сенат депутаттарының сауалына ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жаңаөзен қаласын ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында өнімділігі тәулігіне 50 мың теңге метрді құрайтын «Маңғыстау облысы Кендірлі елді мекенінде су тұщыландыру зауытын салу» жобасын (жобаның тапсырыс берушісі – «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ) іске асыру жоспарланған. 2021 жылғы 8 сәуірде жоба бойынша техникалық-экономикалық негіздемеге (ТЭН) мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. ТЭН-ге сәйкес жобаның жалпы құны – 92,5 млрд теңге. Жобаны қаржыландыру көздері «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ жеке (15 % дейін) және қарыз (85 %) қаражаты болып саналады», - деді Үкімет басшысы жауабында.

Оның атап өтуінше, жобаны одан әрі іске асыру үшін EPC-мердігерді (Engineering, Procurement, Construction) таңдау бойынша ашық халықаралық конкурс өткізіледі. Халықаралық конкурстың қорытындысы шығарылып, тиісті келісімшартқа қол қойылғаннан кейін ЕРС-мердігер жоба бойынша жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуге кіріседі. Құрылыс-монтаждау жұмыстарына 2023 жылдың басында кірісу жоспарланған.

«Жобаны іске асыру Маңғыстау облысының 2021-2025 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары аясында да қарастырылған. Бұл ретте 2024 жылдың соңына дейін жоба бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстарын аяқтау (құрылыс мерзімі 20 айға дейін) жоспарлануда. Жобаның әлеуметтік маңыздылығын ескере отырып, уәкілетті органдар (компаниялар) оны белгіленген мерзімде іске асыруды аяқтау бойынша қажетті іс-шаралар қабылдайтын болады. Жобаның іске асырылу барысы Үкіметтің және Маңғыстау облысы әкімдігінің тұрақты бақылауында», - деп атап өтеді Әлихан Смайылов.


Соңғы жаңалықтар