Келімсектер - еріншектер емес, бірақ... - Өңірлік баспасөзге шолу

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Өткен аптада Қазақстанның өңірлік мерзімді баспасөзі қандай мәселелерді көтерді? Әдеттегідей «ҚазАқпарат» ХАА оқырмандар назарына еліміздің аймақтарындағы мерзімді баспасөзге шолу ұсынады.

Құм терапиясы туралы білесіз бе? - «Қостанай таңы» газеті

Ұрпақтың білімі мен салауаттылығы ең негізгі мәселе. Сондықтан да балаларды ертеден білімге баулуда үлкен өзгерістер әлі де керек. «Қостанай таңы» газетінде құм терапиясы туралы жазылыпты. Расында құмда ойнау сәбидің денсаулығына әсер ететінін ғалымдар біраз жылдар бойы жазып келеді. Мәселен, құмның түйіршіктері сәби бойындағы жасушаны оятып, жүйке жүйесін тыныштандырады екен. Баланың құммен ойнағанда алаңсыз беріліп кетуі де сондықтан. Сосын мамандар құм терапиясы баланың өзіне деген сенімділігін арттыруға, мінезінің ашылуына, бойындағы қиындықпен күресуге де көмектесетінін, ойлау қабілетін дамытып, зейінін арттыратынын айтады. Яғни, құм - баланың қабілетін ерте бастан ашуға көп көмек береді.

«Кішкентай балалар өз табиғатында жаңа бастаған зерттеушілер. Олар барлығын өздері сынағылары және зерттелмегенін зерттегілері келеді. Баланың тілегі жаңа басқармалы процесті жасауға деген танымдылығы өте маңызды, оған деген танымдық көзқарасы, адамгершілік, эстетикалық дамуы ең басты пайдалы» деп жазады «Қостанай» таңы».
null  

Айта кетерлігі, жазуынша, құм терапиясының маңыздылығы мен пайдасы туралы Қостанай қаласының № 61 балабақшасындағы балалармен жұмыс жүрзілген екен. «Құм терапиясында бұрыс немесе дұрыс композиция деген жоқ. Түрлі мүсіндер жасай алады, оны қайтадан бұзып, қайта қалпына келтіруге болады. Бала осы бағыт-бағдармен әрекеттеніп отырып, өзін сиқыршы сезінеді. Бала құммен ойнауды сындырудан, майыстырудан, жаңа мүсіндер құрастырудан қорықпай айналысады... Қорыта айтқанда, «Құм терапиясы» балаланы тәрбиелеуде, дамытуда маңызды рөл атқарады. Құмдағы ойындар, түрлі жаттығуларды пайдалану балалардың эмоциясын, шығармашылығын, зейіндерін, қабілеттерін дұрыс көзқарасын қалыптастыруға маңызды рөл атқарады».

Сәукеле - «Ақмешіт апталығы» газеті

Қызылорда қалалық газеті «қазақ халқының салт-дәстүрінің ішіндегі ең ғажабы - сәукеле кигізу» туралы жазыпты. «Ол әйел киімдерінің ішінде ең асылы ғана емес, оның жұбайлық өміріндегі елеулі кезінің естен кетпес ыстық белгісі саналған. Бұлаңдап өскен оң жақтағы және ақ босағааттар сәттегі қимас та, қызықты кездің ескерткішіне баланған сәукеле кигізудің өзі бір ерекше салтанат» деп жазады газет.

Жазуынша, дәстүр бойынша қызға сәукелені, басқа да киімдерін әкесінің үйінде ұзатылар сәтте жеңгелері арнайы келіп оң жақтағы үкілі тақиясының орнына кигізіп, енесінен байғазы алған екен. Ол байғазының бағасы да олқы болмаған. Бұған құда-құдағилар шақырылған. Олар көрімдік атаған. Шашу шашылып, ақ бата арналған. Қастерлі бас киімді кигізгені үшін ауылдың сыйлы әйелі күйеу жігіттен сыйлық алған. Сол күні құдалар үлкен үйге кеткенше келіншек сәукелесін киіп отырған.
null 

«Жас келінді жұрттың бәрі көруге ынтық. Оның көрімдігі де соған лайық болуы керек. Көрсе көздің жауын алатын осы бұйым тек келіншек сәні ғана емес, той салтанаты мен құдалар беделін де көтере түсетін ерекше көрініс. Ескі салт-дәстүрдің жарқын көрінісі қасиетті сәукеле ғасырлардан келе жатқан асыл мұра» деп жазады газет.

Келімсектер - еріншектер емес! - «Оңтүстік Қазақстан» газеті

Елімізде жұмыссыздар саны көп бола тұра, жалданып жұмыс істейтін гастербайтерлерді кез келген ауылдан кездестіруге болады. Ал ондай еңбек мигранттары кімдер? Олардың елімізге пайдасы мен зияны нешік? «Оңтүстік Қазақстан» газеті осы мәселеге үңілген екен. Газеттің келтірген дерегі бойынша, Қазақстан еңбек мигранттарын қабылдау көрсеткішінен әлемде 9-орында тұр. Үкіметтік емес ұйымдардың мәліметі бойынша Қазақстандағы еңбек мигранттарының саны 700 мыңнан асады, ал оның бар болғаны 6-ақ пайызы ресми тіркеліп, заңды түрде жұмыс істейді екен.

«Демек, мигранттардың басым көпшілігі ресми тіркелмей, ешқандай салық төлемей еңбек етуде. Егер осы мәліметтерді негізге алып, ресми тіркелген 40 мың адамның ең төменгі жалақысы 60 мың теңге мөлшерінде деп санасақ, келімсектер айына елімізден 2 млрд. 400 млн. теңге жинайды. Бұл тек ресми тіркелген мигранттарды ең төменгі жалақымен есептегенде шыққан қаржы. Ал, шындығында олардың саны 40 мың адамнан әлдеқайда көп екені баршаға белгілі. Бұл дегеніміз ел экономикасынан қаншама қаражат сыртқа кетіп жатыр деген сөз. Бұл - бір. Екіншіден, сырттан келіп сазға отырғызып кететіндер көп. Түрлі қылмыстық оқиғалар да келімсектердің қолымен жасалып жатқанын күнделікті өмірде көріп жүрміз. Сондай-ақ, сырттан келген жұмысшы ол тек жұмыс күші ғана емес, ол қоғамның мүшесі болғандықтан, өзінің тілін, мәдениетін, ділін, ұстанымын да әкелетінін естен шығармау керек» деп жазады мақала автор.
null  

Сонымен қатар, мақалада мигранттардың басым бөлігі орта мектепті жаңа бітірген жастар екені, олар ортаға тез бейімделетіні айтылады. Ең бастысы осы жастар өзінің еңбекқорлығының, ізденімпаздығының арқасында аз уақытта ортаға сіңісіп кетеді екен.

«Яғни, келімсектер - еріншек емес. Бірақ, олар тарапынан болатын үлкен қауіп - осы қарқынмен келіп, сіңісе берсе көп ұзамай-ақ үлес салмағы жергілікті халықты басып озады. Яғни, мигранттардың туу-өсу көрсеткіштері Еуропаның өз халқының көрсеткіштерінен біршама көбірек. Міне, осыдан, алдағы 3-4 онжылдықта Еуропаның өз халқы бірте-бірте аз ұлтқа айналады деген де қауіп бар. Қазіргі еліміздегі демографиялық жағдайымыз, бүгінгі күні Қазақстанға да сол Еуропадағыдай қауіп төнбесіне кепілдік бермейді. Халықтың басым бөлігі қазақтар болса ғана, Қазақстан тәуелсіз, егемен мемлекет ретінде өмір сүре алады. Осыны естен шығармаған жөн» деп түйіндейді автор.

Қасиетті қамшы әр қазақтың үйінде тұрса игі! - «Атырау» газеті

Қазақ үшін қамшының қасиеті ерекше еді. Қамшының орны - әр үйдің төрі еді. «Атырау» газеті қазіргі күні көненің көзіне айналып бара жатқан жәдігер туралы жазып, қамшының «әр қазақтың үйінен емес, көрмелер мен музей сөрелерінен ғана көруімізге не себеп?» деген мәселені қаузапты.

Мақалада мәдениет қайраткері Абат Кенжеғалиев қазақ үшін қамшының атқарар рөлін жіпке тізіп берген екен. Оның айтуынша, қамшының бірнеше түрі бар. Мәселен, төрт өрімдік шыпыртқы деп аталатын қамшыны бес жасар бала тайға мінгенде ұстатады. 11-12 жасқа жеткенде жасөспірімге алты өрімдік қамшы сыйлайтын. Ал, сегіз өрімдік, төрт қырлы жіңішке қамшыны бозбала мен бойжеткенге ұсынса, дойырды қайратты нағыз ер жігіт ұстады. Дойыр қорғасын құйылып, басына темір салынып жасалады. Оның қасқырды бір ұрғанда өлтіретін күші болғандықтан, нағыз қару ретінде қолданған.
null 

Мақалада сонымен қатар, қамшы жасаушылар туралы да айтылып, шеберлерді де сөзге тартыпты.

«Қамшы өрудің мәні мен маңызын білмесең, оны жасау бекершілік. Ат-көлікке мінгенде қамшысы қолында, білегінде, белінде, тақымында, ерінің алды-артында ілулі болады. Ал, үйде отырған кезде босағаның оң жағында ашық ілінуі керек. Оның мағынасы - «мал басым аман болып, үйімнен молшылық кетпесе екен» деген тілектен туындады. Жартылай бүктетіліп ілінсе, «қамшы иесі сырқатынан жазылсын» дегені. Қамшының иесі о дүниелік болса, оған құрмет ретінде ұстаған бұйымын төрге іледі. Сәби бесікте шошымасын деп бас жағына, не жастығының астына қамшы жастаған, - деді Кеңес Айыпқалиев».

Шебердің айтуынша, қазір әдемілік үшін сарыала қамшы көбірек қолданылады. Жыланбауыр деп аталатын түрі ­- нағыз әдеміліктің символы. Оны Ақан сері, Біржан салдар ұстады. Күмістен жасалған қамшы беделді жігіттерде болған екен.

Мақалада сонымен қатар, музей сөрелеріндегі қамшылар туралы да жазылады. Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінде 1965 жылдан 2013 жыл аралығында барлығы 15 қамшы жинақталыпты. Олардың ішінде төртеуі күмістелген, біреуі жезді, біреуі мыс сапты, енді бірі - дойыр қамшы екен.

Жат ағымның жетегінде кеткендер соқыр сенімнің құрбанына айналуда - «Орал өңірі» газеті

Қазіргі еліміздегі діни ахуал, соның ішінде теріс ағымның жетегінде кеткендермен күрес мәселесі қалай? «Орал өңірі» газеті «қазіргі күні теріс ағымға ергендерді қойдыру оңай болмай отырғанын» жазып, «нНеге мұндай жағдайға келдік? Облыстан шалғай жатқан ауданда теріс діни ағым қайдан пайда болды?» деген сұрақтарға жауап іздепті.

«Жаңақалаға теріс діни ағым қайдан келді? Әрине, сырттан келді. Теолог мамандардың айтуынша, шетелмен, соның ішінде радикалды идеологиясы өрістеп тұрған елдермен араласы бар Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау облыстарына маусымдық жұмысқа барған жастар санасын улап келді. Алдымен олар өз отбасын, сосын ағайын-туыстарын еліктірген. Сөйтіп, олардың қатары елеусіз көбейген. Және олар сондай ұйымдармен байланыста болған. Біздің қателігіміз - басында мұны елемедік. Елегенде, олармен жұмыс жүргізетін молдаларымыздың діни сауаты жоғарыдағыдай болды. Сөйтіп, өрттің өршуіне жол беріп алдық» деп жазады газет.
null 

Автор мақалада теріс ағымға өткендер келіншектерін тұтас қарамен бүркеп, ол аз болғандай қыздарын мектепке де осындай киіммен жіберіп, нәрестелеріне жоспарлы екпе жасатудан бас тартып жатқанын жазады.

«Тағы бір аңғарғанымыз - теріс діни ағымға қосылған әйел адамдарда ерік болмайды, ар-намысты ұмытады, көнбіске айналады, еркектердің айтқанын екі етпейді. Екінші, үшінші әйел етіп алса да, «талақ» деп тастаса да, көнеді. Бұған бір мысал, осы ағымдағы ауылдың бір мүгедек жігітіне әріптестері екі рет әйел әкеліп берді. Өзі тамақтануға, киінуге, дәретке отыруға мүмкіндігі келмейтін мүгедек жанның жұбайлық өмірге де жағдайы жоқ-ты. Соны біле тұра, әйелдікке келуі оның еріксіздігін көрсетпей ме? Екі әйелі де тұрақтамады. Мұның бәрі біздің елдің салтына, дәстүріне, заңына қайшы әрекеттер екенін аталған адамдар түсінсе дейміз».

Сыр бойындағы Қарақұм (Алтын ) көтерілісі туралы не білеміз? - «Сыр бойы» газеті

Қазақ даласында 1929-1931 жылдары сталиндік-голощекиндік жүйеге қарсы 372 ұлт-азаттық қозғалыстары болған екен. Соның бірі 1930 жылы Сыр бойындағы Қармақшы және Тереңөзек аудандарының жерінде молда Жұмағазы хан мен батыр Қожбан хан басқарған көтеріліс еді. «Сыр бойы» газетінде осы көтеріліс туралы мақала шықты.

«1930 жылы наурыз айының ортасында Қармақшы ауданына қарасты «Қарабөгет» деген жерде №1 ауыл тұрғындарының жиыны өткен. Олардың көбісі Алтын руынан болған. Жиналған жұрттың алдында сөз сөйлеген Жұмағазы молда: - «Биылғы жыл қазақтарға өте ауыр болды. Тіпті орташалар мен кедейлерді байлардан ажыратпай аса ауыр салық салды. Енді, міне, колхоз ұйымдастырып, оған біздерді күштеп мүше етіп, малымызды және дүние-мүлкімізді тартып алмақшы. 1928 жылы байларды тәркілеген кезде, біз өкіметке ешқандай кедергі жасағанымыз жоқ. Ендігі жерде түгелдей барлығымызды тәркілегісі келеді. Біздерді ислам дінінен бас тартуға итермелейді. Ауданнан келген уәкілдердің діни жолмен жүруге қарсы екенін, олардың мешіттерді жаптырғанын өз көздеріңізбен көрдіңіздер. Мұндай өкіметтен не күтуге болады? Ертең барлығымыз бірігіп Қарақұмға көшуіміз керек. Сол жерде біз Кеңес өкіметінен қорғанамыз...» дейді» деп жазады тарихшы мақасалында.

Жазуынша, көтерілісшілер Жұмағазыны өз орталарынан хан етіп сайлаған екен. Жұмағазы Орынбордан, Қызылордадан, Ташкенттен, Орскіден жіберілген жазалаушы отрядтарға қарсы күресте шебер ұйымдастырушы ретінде көзге түседі. Ал қуғыншы қызыл әскерлердің Қармақшыдан және Ырғыздан шыққан отрядтары 7-сәуірде көтерілісшілер жасырынған жерге таяу келіп, қанды шайқас болды. Ұрыс кезінде көтерілісшілерден 35 адам өліп, 23-і жарақаттанған. Қарақұмдағы көтерілісшілердің жалпы саны 5000 адамға жеткен. Іздеріне түскен жазалаушылардан құтылу үшін 40 адам өліп, олар кейін шегінуге мәжбүр болған.
null 

«1930 жылы 13-сәуірде Аралға келген әскери округтік комиссия Қарақұмға үкімет комиссиясын жіберуді ұсынды. Нәтижесінде ҚазОАК төрағасының орынбасары Әліби Жангелдин, жазушылар Сәкен Сейфуллин мен Ғабит Мүсірепов, т.б. бар мемлекеттік комиссия Қарақұмға аттанды. Бірнеше күнге созылған келіссөзден кейін, олар қаруы бар көтерілісшілердің қаруын тапсыруға көндірді».

Келіссөз болғанына қарамастан голощекиншілер көтерілісшілер қаруын тапсырып, тараған соң-ақ өздері берген уәделерін аяқасты етіпті. 30-мамырда Жұмағазы 8 кеңесшісімен бірге тұтқынға алынады. Жұмағазы ханның және басқаларының «қылмыстық іс-әрекеттері» обьективті түрде дәлелденбесе де, халықтың үрейін ұшыру үшін 1930 жылы 15-шілдеде Қазақстандағы Біріккен Саяси Бас басқармасының үштігі оларды түгелдей ату жазасына кескен. Тек Жұмағазы жөнінде үкім белгісіз себептермен бір жылға дейін орындалмаған. Ол 1931 жылы 16-сәуірде Алматы қаласында жазалау органы жендеттерінің қолынан қаза табады.

Таймас әулие кесенесі - «Сарыарқа самалы» газеті

Павлодар облысы Ертіс ауданының Шұбарат ауылынан 15 шақырым жердегі «Күнек» деген көлдің жағасындағы Таймас әулие кесенесі бар. Облыстық газетте осы әулие туралы жазылған екен. Мәліметтерге қарағанда, Таймас әулие - Түгел батырдың ұлдарының бірі. Түгел - XVIII ғасырда жоңғарға қарсы ту ұстап, әскер жинап, қол бастаған қыпшақ тайпасынан шыққан қазақ батыры. Аты аңызға айналған батыр бабамыздың тоғыз әйелінен туған 16 ұлдың арасынан халық арасында ерекше сый-сыяпатқа ие болғаны - Байсерке абыз бен Таймас әулиелер. Халық арасында Таймастың керемет қабілеттері есте сақталған, ол көріпкелдік қасиетке ие болған, сонымен бірге халық ағарту ісімен айналысқан екен.
null 

Әулиенің көріпкелдігі, қасиеті жайлы ел аузында сақталған аңыз-әңгімелер баршылық. Солардың бірі мынадай: «Ертеде жолаушылап келе жатқан Таймас алдындағы ауылда қатты қиналып жатқан біреуді сезіп, сол ауылға барады. Ауылдың көпшілік жиналып тұрған тұсына келгенде, бір адамның жаңа ғана дүние салғанын біледі. Ал, әулие болса шаршы топты қақ жарып үйге кіреді де, мәйітті айналып, қасиетті қамшысымен сырмақ үстін тартып-тартып жібереді. Қамшы жерге тиген сайын қаңқ еткен үн шығады. Көзге көрінбейтін бірдеңені қуып жүргендей, сыртқа шығып үйді айнала қамшылайды. Содан кейін, маңдайынан терін сүртіп үйге кіргенде, өлді деген адамның көзін ашып, одан кейін басын көтеріп алғанына жұртшылық куә болған екен».

Соңғы жаңалықтар