Келестік тұрғын шаруаларға қажетті көлік құрастырып шығарды

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Абзал есімді келестік шаруа өзіне қажетті техникаларды қолдан жасап алады. Мәселен, ауласындағы қора-қопсыны өзі жасаған кішкентай трактормен тазалайды. Жем майдалап, шөп турау үшінде қолдан жасаған құрылғыларына сенім артады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Келес ауданы Ақтөбе ауылдық округіне қарасты Лесбек батыр елді мекенінің тұрғыны Абзал Жасұзақ ауыл шаруашылығына қажетті «темір тұлпар» құрастырып шығарды. Ол бұл техниканы жасауға алты ай уақыт жұмсапты. Шағын ғана жаңа техника мал шаруашылығымен айналысатын қожалықтар үшін таптырмас құрал болғалы тұр. Себебі, көлік жүк артуға, қора тазалауға және тиелген жүкті тасымалдауға өте қолайлы.

«Тракторға «уаз» маркалы көліктің құрылғыларын орнаттым. 4 дөңгелегі де тартады. Рулі жеңіл болу үшін, Мersedes көлігінің қосалқы бөлшектерін алдым. Қораға кіріп шығуға ыңғайлы болу үшін кабина жасаған жоқпын. Шағын ғана көлікпен қора-жайларда еркін қозғалуға болады. Малдың қиын жинап алып, артып кете беремін», - дейді ол.

Абзал бұдан бұрын да өзінің шеберлігімен жерлестерін таң қалдырып келген. Мәселен, кеңестік кезеңдегі ескі жүк көлігін жетілдірген. Оған шетелдік құрылғыларды жалғап, заман талабына сәйкестендіріпті. Майды аз жағып, күшін көбейткен. Сондай-ақ, шөпті нығыздайтын, турайтын аппаратты да өзіне ыңғайлы етіп, өзгертіп алған. Қазір артық күш жұмсамайды. Электр қуатына қосса болды, аппаратпен қажетті жем-шөпті дайындауға мүмкіндік көп. Ал, алдағы уақытта жер жыртатын, шөп жинайтын көлікті қолданысқа енгізбек.

«Шаруашлықтан қол босаған кезде темірден тың дүниелер жасауға қызығамын. Інілерім мен достарым көмектеседі. Заттарды Шымкенттегі көлік құралдарын сататын дүкендерден аламын. Ал, жұмысты дәнекерлеуші аппаратпен жасап шығамын. Сатып алғысы келетіндер көп. Бірақ бұл дүниенің барлығы маған керек. Сондықтан сату ойымда жоқ», - дейді ол.

Абзал жақында құрастырған көлігіне SherAz деген атау берді. Бұл «Шебер Абзал» деген мағынаны білдіреді. Ал, авторлық құқығын сақтау үшін алдағы уақытта арнайы патент алуда жоспарлап отыр.


Соңғы жаңалықтар