Келесте құны 1,1 млрд доллар болатын еліміздегі ең ірі жылыжай салынады

None
None
КЕЛЕС. ҚазАқпарат - Түркістан облысы Келес ауданында еліміздегі ең ірі жылыжай кешені салынады. Бүгін ресейлік инвестор «Эко-культура» компаниясының өкілдері жылыжай кешеніне арнайы қарастырылған 500 га жер телімімен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кездесуге Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев пен «Kazakh Іnvest» ұлттық компаниясы Түркістан облысы бойынша филиалы директорының орынбасары Қыдыр Каюпов, Келес ауданы әкімінің орынбасары Абай Жаңбырбаев пен тиісті мекеме басшылары қатысты. Ресейлік «Эко-культура» компаниясының өкілдері танысу барысында ауданның географиялық тиімді орналасқанын атап өтіп, кешеннің инфрақұрылым жүйесін жүргізу жұмыстарын бастауға уағдаласты. Жоба 2025 жылға дейін жүзеге асырылса, ауданның экономикасын көтеріп, жаңадан 10 мың жұмыс орны ашылады.

«Бұл жерді таңдаудың да өз ерекшелігі бар. Мұнда Қазақстан бойынша күн ерте шығып, жәндіктер ерте оянады. Елдегі ең ыстық нүкте саналады. Бұл өз кезегінде жылыжайға жұмсалатын шығынды азайтады. Кешеннің жанынан «Қызыл әскер» постанстансасы ашылып, 2021 жылдан бастап жарықпен қамтамасыз ете алады. Газ тартылған және осы жерден үлкен айналма жолы түседі деп жоспарланып отыр. Транспорттық логистикалық мәселе шешіледі»,- дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов.
null

Аталған кешенді салу бойынша ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің Түркістан қаласына сапары аясында меморандум түзілген болатын. «Kazakh Іnvest» компаниясының бастамасымен Түркістан облысының әкімдігі және «Эко-культура» ресейлік компаниясы арасындағы келісім түзіліп, жылыжай кешенінде алдағы уақытта қызанақ, қияр өнімдері өндірілмек. 2019-2025 жылдары салынатын кешеннің өнімдері ТМД мен Еуропа елдеріне экспортталмақ. Жылыжайдың 25 пайызы мемлекет тарапынан субсидияланатын болады. Қажетті жанар-жағармай шаруаларға берілетін арзан бағамен босатылып, тұқым алуға да субсидия беріледі. Суландыру жұмыстары жер асты дренаждар және Келес өзенінен су тарту арқылы жүргізіледі.

null

«Осындай үлкен жобаны іске асыру туралы ұсынысы Kazakh Invest-тен түсті. Бізге бұл бастаманы қолға алу бұйырды. Әрине, біз Қазақстанда жобаларды жүзеге асырамыз, бірақ олар соншалықты ауқымды емес. Аталған кешенге жылына 7 млн текше метр су мен сағатына 100 текше метр газ, тәулігіне 40 мгвт жарық қажет. Биыл барлық инфрақұрылымдарды тарту мәселесі шешілсе, келесі жылдан бастап 50 гектар жерге көкөніс өсіруді қолға ала бастаймыз. Жобаны жүзеге асыру 6 жыл көлемінде жүреді. Жылыжай толықтай голландиялық озық технологиямен салынады»,- дейді «Эко-культура» агрокешені холдингінің президенті Александр Рудаков.
null null

Айта кетейік, облыс халқын жұмыспен қамту және озық технологияларды игеру бойынша өңірде 480 жоба қолға алынып жатқан болса, соның 24-і жылыжайларға қатысты болып отыр.

Соңғы жаңалықтар