Келесте күнделікті тұтынатын азық-түлік бағасын тұрақтандыру шаралары жүріп жатыр

None
None
КЕЛЕС. ҚазАқпарат – Түркістан облысы Келес ауданында күнделікті тұтынатын азық-түлік бағасын тұрақтандыру шаралары жүргізілуде. Осы мақсатта аудан әкімінің орынбасары Абай Жаңбырбаев бастаған жұмысшы топ аудан орталығындағы сауда кешендерінде болып, ең қажетті тауарлардың бағасына талдау жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жергілікті билік өкілдері аудандағы наубайханаларда болып, нанның сапасы мен тазалығына тексерді. Жұмысшы топтың мүшелері орталық базар қасындағы наубайханада тазалықтың сақталмайтынын анықтап, ол бойынша тиісті хаттамалар түзді. Наубайхана қожайынына ескерту берілді.

Бағаны бақылау барысында тұрғындар да нан сататын кәсіпкерлердің гигиеналық талаптарды орындамайтынын айтып, шағымданды. Бұл шағымдар бойынша да арнайы мекеме өкілі кәсіпкерге ескерту беріп, алдағы уақытта кемшілікті жою керектігін атап өтті. Жоймаған жағдайда заң талаптарына сәйкес жауапқа тартылатынын жеткізді.

Жұмысшы топ бұл күні сондай-ақ, аудан орталығындағы базарды да аралап шықты. Ондағы сатылып жатқан ұн өнімдері мен күріш, картоп, сәбіз, жуа, сары май, ет, сүт тауарларының бағасына талдау жасады. Аталған өнімдерді бақылау барысында кейбір азық-түлік өнімдерінің бағасы тым қымбат сатылып жатқаны анықталып, тиісті құлаққағыс жасалды. Саудагерлерге мұндай тексеру тұрақты түрде жүргізіліп тұратыны ескертілді.

Соңғы жаңалықтар