Келесте 9 жоба іске асырылып, 100-ден астам жұмыс орны ашылды

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Өңірлік индустрияландыру картасы аясында Келес ауданында жыл басынан бері 9 жоба іске асырылды. Жобалардың жалпы құны - 592,1 млн теңге, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Аталмыш жобалар аясында 100-ден астам жұмыс орны ашылды. Сондай-ақ, алдағы жылы 3 ірі жобаны іске асыру көзделіп отыр. Олардың жалпы құны - 4 млрд 100 млн теңге. Аталған жобалар жүзеге асса, 90 адам жұмыспен қамтылмақ. Бұл туралы Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Келес ауданының әкімі Ақментай Есбаев мәлім етті.

Алдағы жылы ауданда «Оңтүстік Агропродакшн» ЖШС 310 гектар аумаққа жерге грек жаңғағын екпекші. «Бес Қара» ЖШС 400 гектар жерге қарқынды бау өсіреді, ал «Көшім» ШҚ балық өсіру және балық етін өңдеу жобасын іске асырады.

«Өңірде белсенді кәсіпкерлік субъектілер саны - 7279. Олардың саны өткен жылмен салыстырғанда 1,2 пайызға артқан. Өндірілген өнім мен көрсетілген қызмет көлемі 23,2 млрд теңгені құрап, бюджетке төленген салық төлемі 5,3 пайызға артты. Сонымен қатар, негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемі 3020,5 млн теңгені құрап отыр», - деді Ақментай Үсенұлы.

Ауыл шаруашылығы саласында жылыжай жыл басынан бері 10,6 гектар аумаққа салынған болса, тамшылатып суару әдісі 287 гектар жерге енгізілген. Ағымдағы жылы жалпы құны 15 млрд 579 млн теңгені құрайтын 24 нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр.

Ауданда 38 елдімекен табиғи газбен қамтылған. 2019 жылы табиғи газбен қамтуды ауданда 86,3 пайызға жеткізу көзделіп отыр. 83 елдімекеннің ауыз сумен қамтылғаны - 40. 

 

Соңғы жаңалықтар