Келесте 9 баласы бар жалғызбасты әке жылыжай кәсібін өркендетіп отыр
Кәсіпкерлік салаға бет бұрған шаруа мемлекет тарапынан берілген көмекті місе тұтып, үй іргесінен 15 сотық жерге жылыжай салды.
Нәтижесінде, ерте көктемнен қызанақ, қияр өнімін егіп, күзге қарай жерін жыртқан. Сөйтіп қырыққабаттың көшеттерін сатып, пайда табуды көздеуде.
Қолы қалт еткенде, ел арасында құрылыс жұмыстарына шығып, қосымша табысын еселеуде.
Ол сондай-ақ, «Еңбек» бағдарламасы аясында Біртілек ауылдық округіндегі «Алтын ай» балабақшасына күзетші болып тұрақты жұмысқа тартылған.
«Жылыжай істеп, бала-шағаның бұйырған несібесін алудамыз. Балалар көмектеседі. Олардың көмектескені маған, үйренгені өздеріне жақсы ғой. Одан қалса, ауылдың ішіндегі құрылыс жұмыстарына араласамын. Нақтырақ айтсам, үйдің төбесін жабуды қосымша кәсіп еткенмін», - дейді көп балалы әке Қанәділ Пернеханұлы.
Айта кетейік, балаларының үлкені - 20 жастағы студент. Ал, кенжесі 4 жасқа енді толған.