«Келесім - атамекенім» атты әншілер мен сазгерлер байқауы өтті

None
None
КЕЛЕС. ҚазАқпарат – Түркістан облысы Келес ауданында «Келесім - атамекенім» атты әншілер мен сазгерлер байқауы болып өтті. Аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен шараға 12 ауылдық округтен 33 сазгер мен әнші қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «Туған жер» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған байқауда киелі Келес өңіріне арналған әндер айтылды.

Байқаудың мақсаты - шалғай ауылдардағы талантты жастарды анықтау мен келестік композиторлардың Келес жайлы жазылған әндерін насихаттау, оларды халық арасында кеңінен таныту.

Мәдени шара барысында аудан әкімінің орынбасары А. Сексенбаев құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Байқау қортындысы бойынша Жүзімдік ауылы атынан қатысушы үміткер Заманбек Нұрханов Бақытхан Сұлтахановтың сөзіне жазылған Әбдімәлік Тастеміровтың «Құт мекенім - Ақ Келес» әнімен І орынды иеленді. Жаңадәуір ауылының намысын қорғаған Айнұр Асқар Асқар Мамырбаевтың «Келесім» әнін орындап, ІІ орынға лайықты деп танылды. Ал, Жүзімдік ауылының өкілі Жандарбек Қайырбеков Бахытхан Сұлтахановтың сөзіне жазылған Әбдімәлік Тастеміровтың «Келестің жақұт түндері-ай» әнімен ІІІ орынды иеленді.

Сазгерлер бойынша «Келесім» әнімен Асқар Мамырбаев І орынды жеңіп алды. ІІ орын Бахытхан Сұлтахановтың сөзіне жазылған «Құт мекенім - Ақ Келес» әнінің авторы Әбдімәлік Тастеміровке бұйырды. Жүлделі ІІІ орынды Бахытхан Сұлтахановтың сөзіне жазылған «Менің сырлы Келесім» әнімен Мералы Смаилов иеленді.

Байқауда жүлделі орын иегерлеріне аудан әкімінің арнайы дипломы және бағалы сыйлықтар тапсырылып, қатысушыларға аудандық мәдениет үйі директоры атынан диплом мен ынталандыру сыйлықтары үлестірілді.

Соңғы жаңалықтар