Келесі жылы республикалық бюджеттің шығыны 21 трлн теңге болады

Фото:
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2023 жылы республикалық бюджет шығысы 21 трлн теңге болады. Бұл туралы Мәжілісте «2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын таныстырған ҚР Қаржы вице-министрі Татьяна Савельева айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2023-2025 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт кесімді баға кезінде мұнай секторы ұйымдарынан Ұлттық қорға түсетін түсімдер көлемінен аспайтын мөлшерде жоспарланған. Ұлттық қордан республикалық бюджетке кепілдендірілген трансферттің барынша мүмкін болатын көлемін есептеу үшін пайдаланылатын кесімді баға - бір баррель үшін 48,9 АҚШ доллары. Нәтижесінде кепілдік берілген трансферттің ең жоғары ықтимал мөлшері - 2 393 млрд теңге, бюджет жобасында 2,2 трлн теңге көзделген», деді ол.

Оның атап өтуінше, республикалық бюджет шығыстарының өсу қарқыны инфляция бойынша мақсатты ескере отырып, ұзақмерзімді экономикалық өсімнің орташа деңгейінен аспайтын көлемде айқындалған.

«Шығыстардың шекті көлемін айқындау кезінде соңғы 10 жылдағы экономиканың номиналды өсімі және жоспарланатын кезеңге арналған инфляцияның орташа деңгейі пайдаланылады. 2023 жылға арналған шығыстардың шекті көлемі - 21 004 млрд теңге, бюджет жобасында шығыстар 21 003 млрд теңге сомасында көзделген», - деді Татьяна Савельева.


Соңғы жаңалықтар