Келесі жылы республикалық бюджет кірісі 13,9 трлн теңге болады

Фото:
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат –2023 жылы республикалық бюджет кірісі 13,9 трлн теңге болады. Бұл туралы бүгін Мәжіліс отырысында ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Республикалық бюджет пен Ұлттық қордың келесі үшжылдыққа арналған параметрлерін қалыптастыру кезіндегі негізгі лейтмотив Мемлекет басшысының үнемді және жауапты бюджет саясаты тұжырымдамасын қамтамасыз ету бойынша қойған міндеттерін іске асыру болды. Осылайша, 2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджеттің параметрлері бюджет саясатының кіріс базасын толықтырудың жаңа көздерін жинақтау және бюджет шығыстарын әлеуметтік-экономикалық дамудың басым бағыттарына шоғырландыру бағдарын ескере отырып айқындалған. Сондай-ақ кеңейтілген шоғырландырылған бюджетті және бюджеттік тәуекелдер туралы, мемлекеттік қаржының ұзақмерзімді тұрақтылығы туралы есепті енгізу бойынша қабылданған жаңалықтар да имплементацияланған. Мемлекеттік қаржыны басқарудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы әзірленді. Онда мемлекеттік қаржы жүйесін одан әрі дамытудың негізгі тәсілдері айқындалған», - деді вице-министр.

Оның атап өтуінше, 2023 жылы республикалық бюджеттің кірісі болжам бойынша осы жылдың нақтыланған жоспарынан 37 пайызға өсіп, 13,9 трлн теңге немесе ЖІӨ-ге қатысты 11,5 пайыз болды.

Жоспарлы кезеңде олардың 2025 жылға қарай 16,3 трлн теңгеге дейін өсімі күтіледі.

«Республикалық бюджетке түсетін қосымша түсімдер кіріс базасын кеңейту және салықтық әкімшілендіруді жақсарту, сондай-ақ көлеңкелі экономиканың үлесін азайту бойынша Үкімет қабылдап отырған іс-шаралар есебінен қамтамасыз етіледі», - деді ол.

Азамат Әмрин дерегінше, бюджеттің меншікті қаражатының үлесі үш жылдық кезеңде 2023 жылғы 70 пайыздан 2025 жылы 75 пайызға дейін артады.

«Республикалық бюджет шығыстары 2023 жылғы 21 трлн теңгеден 2025 жылы 22,7 трлн теңгеге дейін біртіндеп ұлғаяды деп болжануда. ЖІӨ-ге қатысты олардың 2023 жылғы 17,4 пайыздан 2024-2025 жылдары 16-15,5 пайызға дейін төмендеуі болжамдалған. Тұтастай алғанда, контрциклдық бюджет қағидасын қолдану республикалық бюджет шығыстарының өсу қарқынын жоспарлы кезеңде ЖІӨ-ге қатысты 16,4 пайыз деңгейінде тұрақтандыруды қамтамасыз етеді. Осы шығыстар лимиті аясында стратегиялық және бюджеттік жоспарлаудың өзара байланысын біртіндеп күшейте отырып, шығыстарды әлеуметтік-экономикалық дамудың басым бағыттарына шоғырландыру қамтамасыз етіледі. Мәселен, 2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасы бойынша стратегиялық бағыттарды іске асыруға арналған республикалық бюджет шығыстарының үлесі мемлекеттік органдардың ережесінде айқындалған өзге де міндеттерді шешуге бағытталған тұрақты сипаттағы шығыстарды қоспағанда, шығыстардың жалпы көлемінің 60 пайызына жетеді», - деді вице-министр.


Соңғы жаңалықтар