Келесі жылы облыс әкімдерінің жұмыс бағыты өзгереді - Айдос Сарым

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Конституциялық реформадан кейін Қазақстан заңнамасында қандай өзгерістер болады? ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Айдос Сарым осы жөнінде пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі таңда 30-ға жуық заң дайындалып жатыр. Оның ішіндегі екеуі - бұрын-соңды болмаған жаңа заңдар. Біріншісі - Конституциялық сот туралы. Оның концепциясы бекітіліп, заңгерлер жазуға кірісті. Аталған құжатта қамтылуы тиіс талаптар көп. Мәселен, судьялардың шешім қабылдау бағыттары, заңды күшіне енгізу уақыты төңірегіндегі детальдар толық қамтылады. Өйткені ол азаматтардың құқығын қорғайтын, билік тармақтары арасында болып жатқан дау-дамайды шешіп беретін институт болуы тиіс. Екінші әзірленіп жатқан жаңа заң - Жоғары арбитражды палата. Бұл жаңа Конституциялық институт. Ал жергілікті өзін-өзі басқару төңірегіндегі заңдарды күтіп отырмыз. Бұл салада да көп толықтырулар мен өзгерістер болады. Конституцияның бірінші және екінші бабы қоғам мен азаматқа арналған. Оның ішінде әлеуметтік мәселелер айтылады. Конституция болса 9 тараудан тұрады. Соның екі тарауы қоғам мен азамат десек, қалған 7 тарау билікке қатысты. Сол 2 тарау дұрыс жұмыс істеу үшін қалған 7 тарау бір-бірімен байланысып, астасып жатуы керек. Тек сол уақытта билік механизмдері дұрыс жұмыс істей бастайды», - деп пікір білдірді Айдос Сарым.

Сонымен қатар депутат тиісті зандар қай уақытта толық қабылданып, күшіне енетінін айтты.

«Конституциялық өзгерістер қабылданған кезде кеңестің нақты талабы болған. Қай орган қай уақыттан бастап жұмысқа кіріседі деген. Осыған сәйкес, Конституциялық сот келер жылдың 1 қаңтарынан бастап іске қосылады. Оған дейін тәртіптері мен ережелері қабылдануы қажет. Жалпы Конституциялық өзгерістер негізінде қабылданатын заңдардың барлығы келесі жылдың басында күшіне енеді. Бірақ Мәжіліс мерзімі аяқталғанша болады. Кейінгі сайлау жаңа Конституция бойынша өтеді», - деп атап өтті Айдос Сарым.

Саясаттанушы Парламенттің рөлі туралы Ата заңға енгізілетін өзгерістер заң қабылдау мен мақұлдау процессін тездетуге ықпал ететінін мәлімдеді.

«Заңдардың жиі қабылданып, өзгеріп отыруы қалыпты процесс. Ал құжатта болатын қателіктер мен жеткіліксіз зерттеу - ол заңгерлердің кінәсі. Өзгерген Коституция қос палатаға заңдардың тез арада мақұлдап, аз уақыт аралығында қолданысқа енгізуге мүмкіндік береді. Менің ойымша, бүгінде елімізде жаман заңдар қабылданып жатқан жоқ», - деді ол.

Депутат пайымынша, келер жылдан бастап республикалық маңызы бар қалалар мен облыс әкімдерінің жұмыс бағыты өзгереді. Депутат жаңадан құрылған үш облыстың әкімі өзгерген Конституция бойынша сайланғанын атап өтті.

«Президент облыс әкіміне үміткер кемінде екі адамның кандидатурасын ұсынады. Ол екіден де көп болуы мүмкін. Кейін аймақтың мәслихат депутаттары жиналыс ұйымдастырады. Онда үміткерлер өздерінің бағдарламасын таныстырып, сол облыстағы мәселелердің шешу жолдарын көрсетуі тиіс. Осы жұмыстардың нәтижесінде дауыс беру арқылы әкім сайланады. Қазір императивті мандат деген еніп жатыр. Мысалы сіз өз ауданыңыздың әкімін сайласаңыз, оның тағдырын шешетін өзіңіз болуыңыз керек. Халық сайласа, халық әкімді қызметтен алып тастай алады. Болашақта Қазақстанда 20 әкімнің жұмысы өзгереді. Олар қазіргідей аудан басшыларын шақырып алып есеп сұрап, түрлі міндеттер жүктей алмайтын болады. Өңір басшысы тек заңнамалардың орындалуын қамтамасыз етіп, бюджеттің мақсатты жұмсалуын қадағалап отырады. Қазір облыс әкімі жергілікті «Құдай» сияқты. Енді ол дәуірден өтетін кезең келді. Өйткені аудандарда отырған әкімдердің барлығы сайланбалы. Оларға не тапсырма бере аласың?! Аудан басшылары өз тұрғындарының мәселесін шешумен айналысуы керек», - деді депутат

Айдос Сарымның айтуынша, мұндай жүйе Францияда бар. Ол елде ірі қалалардың әкімдерін президент тағайындайды. Ал оның қарамағындағы елді мекен басшылары - сайлау арқылы қызметке келгендер. Сондықтан ірі қала әкімі тек сол жердегі мемлекет басшысының ресми уәкілі ретінде қызмет атқарады.


Соңғы жаңалықтар