Келесі жылы мемлекеттік энергетикалық реестр субъектілері 40 мыңға жетеді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Елімізде мемлекеттік энергетикалық реестр субъектілері энергия үнемдеу саласына 350 млрд теңгеден астам инвестиция құйды. Соның нәтижесінде шамамен 88 млрд теңге үнемделді. Бұл туралы Электр энергетикасын дамыту және энергия үнемдеу институты АҚ басқарма төрағасы Бауыржан Смағұлов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Энергия үнемдеу және оның тиімділігін арттыру саясатын іске асыру мақсатында Жапонияның тәжірибесі бойынша 2013 жылы мемлекеттік энергетикалық реестр құрылды. Содан бері мемлекеттік энергетикалық реестр аясында 80 мыңнан астам ұйым мен кәсіпорын қызметіне мониторинг жасалды. Бүгінгі таңда мемлекеттік энергетикалық реестрдің субъектісінде 20 мыңнан астам ұйым мен кәсіпорын бар», - деді Бауыржан Смағұлов елордада өтіп жатқан халықаралық энергия үнемдеу форумында.

Оның айтуынша, бюджеттік ғимараттардың энергетикалық ресурсты тұтыну көлемінің өсуіне байланысты қолданыстағы заңнамаға өзгертулер енгізілді.

«2023 жылдан бастап мемлекеттік энергетикалық реестр субъектілерінің саны 40 мыңға дейін жетеді. Бүгінде мемлекеттік энергетикалық реестр - 10 жылдық ретроспективасы бар толық автоматтандырылған деректер жүйесі. Басқаша айтқанда BIG DATA. Реестр субъектілері энергия үнемдеу шараларын іске асыру бойынша 350 млрд теңгеден астам инвестиция құйды. Соның нәтижесінде шамамен 88 млрд теңге үнемделді», - дейді ол.

Аталған шарада белгілі болғандай энергия үнемдеу саласында БҰҰ Даму бағдарламасының үш жобасы іске аспақ.


Соңғы жаңалықтар